Қаз-қатар тізілген 20 арнайы техника тексеріліп, берілген тапсырманы орындауға әзір тұр. Бүгін олар қайырымдылық сенбілігінде жиналған қоқысты артып, сыртқа шығаруға жұмылдырылмақ. Ғ. Мүсірепов көшесіндегі 13 а үйдің ауласын тазарту үшін бір машина жеткіліксіз болар. Аулаға жиналып қалған қурай мен тұрмыс қалдықтары бұл араға көптен бері адам қолының тимегенін айғақтап тұр. Бұл үй тұрғындарының 70 пайызы зейнеткерлер. Осыны ескеріп қоғамдық шарадан тыс қалмауға ынта танытқан “Жас ұрпақ” , “Жасыл ел” жасақтары мен жастар мәслихатының белсенділері, ішкі саясат басқармасының мамандары ауланың сәнін кетірген қалдықтарды жинап, ретке келтіруге жәрдемдесті. Қураған ағаштар кесіліп, бұталар шабылды.
Қоқыстан арылған аумаққа енді балалар алаңқайы жабдықталатын болады.
Людмила Реверук , “Индустриальная 13 “А” пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Біздің аулаға үлкен көңіл бөлінгеніне өте қуаныштымыз. Қазіргі тазалық көңіл қуантады. Ол, біріншіден, денсаулық қой, тұрғындардың барлығы дерлік аға буын өкілдері, мүгедектер бар. Немерелерімізді ойнататын алаң қажет еді. Ол да болады дейді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ істен оқушылар да тыс қалмады. № 43 мектеп оқушылары Ғ.Мүсірепов көшесінің бойындағы жерлес жазушы атындағы шағын бақты жөнге келтірді. СҚО тілдерді дамыту басқармасының мамандары да өздеріне бөлінген, бұған дейін сыпырғыш тимеген аумақтарды тазалады. Жалпы қалалық сенбілікке 1 400 кәсіпорын атсалысты. Барлығы 38 мыңға жуық адам жұмылдырылды. 1млн.200 мың шаршы метр аумақ қоқыстан арылды. 404 текше метр қоқыс сыртқа шықты. 800-ден астам ағаш түптері мен 4 мың метрден астам жол жиектері ағартылды.
Жеңіс Ермұқанов