Ауыл шаруашылығы

Орақ – 2010

 

 

 

 Биыл Қызылжар ауданындағы 62 серіктестік пен 300-ден астам шаруа қожалығы 190 мың гектарға тұқым сепкен. Оның 168 мыңы дәнді дақылдар. Маңызды науқанда агроқұрылымдар техниканы сайлап, жанармаймен 100 пайызға қамтылды. Қажетінше тыңайтқыш себудің нәтижесі айтарлықтай. Диқандар мемлекеттен бөлінген субсидияларға дән риза. Тек биылғы қуаңшылық мол өнім жинауға мүмкіндік бермеді. Ыстық ауа райының әсерінен биылғы астық тез пісіп, орақ әдетегіден 10 күнге ерте басталды.

Жәлел Нұғманов, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:
 -Бір жағынан егін піскенімен арасында көгі де бар. Біз оны дестеге түсіріп, ертерек басып алып жатырмыз дәрі сеуіп селекция дейді, соны жасап, бұның арқасында 2-3 мың га басылып алынып жатыр. Біздің аудан егін оруға қызу кірісіп кетті.

Қазір аудан бойынша 23 мың га аумақтағы бидай құлатылды. Бұл аудандағы бар алқаптардың 14 пайызын құрайды. Оның 10 мың гектары  бастырылған. Гектар берекелігі орташа есеппен 12,2 центнерден айналуда. Астық қабылдау қоймалары да науқанға дайын отыр. Мәселен “Асыл дән” ЖШС сағатына сары алтынның 300 тоннасын қабылдай алады. Аудан бойынша Налобин селолық округінің диқандары астыққа алғашқылардың қатарында орақ салды. Бүгінде округтегі 3 серіктестік пен 12 шаруа қожалығының иелігіндегі егін алқаптарының 35 пайызы дестеге түсіріліп, 20 пайызы бастырылған.

Лейла Женсағұрова, Қызылжар ауданы Налобин  селолық округінің әкімі:
 – Біздің округ бойынша орақ науқанына кіріскенімізге 10 күн болды. Облыс бойынша ыстыққа байланысты егін көп жерде күйіп кетті.  Біздің округта жауын көбірек болды. Осыған байланысты жинаған егініміз жаман емес. 11 мың га себілді әр гектардан орташа 14-15 ценнтнер аламыз деп ойлаймыз.

Астық озық үлгідегі “Вектор” комбайндарымен соғылып жатыр. Бұл заманауи техниканың қуаттылығы алдыңғыларынан екі есе басым – күніне 30 гектардың астығын дестеге түсіре алады.  Сапасы мен жылдамдығына қоса жүргізушіге де бар жағдайлар жасалыпты. Кабинада салқындатқышқа дейін орнатылған. Александр Ливенцов осындай комбайнның қызығын көріп жүр. Биыл Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжінде ауыл шаруашылығы өндірісін  механизациялау мамандығын игеріп шыққан Александр бірден осы жұмысқа араласып кеткен. Жас маман жаңа қызметінде еңбекқорлығымен танылып үлгерді.

Александр Ливенцов, комбайншы:
-Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымды уақытында алып тұрамын. Келесі науқанда да осы қызметте қалуды жоспарлап отырмын.

Қызылжарлық агроқұрылымдар қысқы мал азығын да    әзірлеп қойыпты. Бұл мақсатта шабындықтардан  40 мың тонна шөп жиналды. Ал орақ науқанын аудан бойынша қыркүйектің 10-на дейін тәмамдау жоспарланып отыр.

Жеңіс Ермұқанов