Қылмыс

Жарты тоннадай есірткі қауынның астынан табылды

 

 

 

 

 

Қауын тиелген “Мерседес” маркілі жүк автомашинасы Петропавл қаласының кіре берісіндегі жол полициясы бекетінде тоқтатылған. Тексеріс кезінде ҰҚКД-нің қызметкерлері көлік жүргізушісінің есірткі пайдаланғанын байқаған. Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны гашиштің шағын мөлшерін ғана шығарып, оңай құтылып кетудің айласын жасамақшы болады. Ол есірткіні өзі қолдану үшін сақтағанын айтқан. Алайда қызметтік иттер қауын иісінің кедергі болғанына қарамастан есірткіні сезіп қалады. Сөйтіп көлік жүгін толық түсірген кезде қауын астынан улы заттың ірі партиясы табылған.

  Құрманғали Жармағамбетов, СҚО бойынша ҰҚКД тергеу бөлімшесінің бастығы:
 – Ұсталған көлікті тексеру барысында жарты тоннаға жуық есірткі табылды. Оның ішінде 462 кг марихуана скотчпен оралған 9 қытай сөмкесінде болған. Және қорапқа салынған 13 кг иран гашиші табылды. Өткізілген шаралар кезінде марихуана Жамбыл облысының аумағынан, ал гашиш контрабандалық жолмен Қырғызстан Республикасынан әкелінгені туралы мағлұмат алынды.

Алдын ала есептеулер бойынша, тәркіленген есірткінің құны 70 мың доллар  шамасында.

  Құрманғали Жармағамбетов, СҚО бойынша ҰҚКД тергеу бөлімшесінің бастығы:
 -Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің тергеу бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 259 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазірде күдікті азамат ұсталып, қамауға алынды.

Соңғы үш жыл ішінде аталған департамент қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 48 қылмыстық із қозғап, 11 халықаралық және 6 ішкі есірткі арналарын жойған. Заңсыз айналымнан 149 келі героин, 111 келі гашиш, 880 келі марихуана, 493  экстази  дәрілері және шамамен 200 грамм психотроптық заттар алынды. Сондай-ақ осы көлеңкелі бизнеске қатысы болған күш құрылымдарының 6 қызметкері сотталған.

 

   Айымгүл Әбілева