ТКШ

Облыста “Менің сүйікті қалам”, “Менің сүйікті ауылым” айлығы басталды

 

“Менің сүйікті қалам, менің сүйікті ауылым” айлығы аясында Петропавл қаласы мен облыс елді мекендеріндегі саябақтар, үй аулалары тегістей абаттандырылуы керек. Облыс әкімі өткізген жиында жоспарланған жұмыстың ауқымы салмақталды. Петропавлда ауқымды іс тындырылмақ. Қалаға кіретін қақпа іспетті  айналма жолды заман талабына сай көріктендіруді Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандары жүргізеді. Бұл орын түнгі уақытта да ерекше кейіпке енуі тиіс. Сондай-ақ облыс әкімі орталық мешіттің жанындағы бос аумақта Үкілі Ыбырайдың мүсіні орнатылып, әдемі сквердің пайда болатынын айтты. Ол сазгердің 150 жылдық мерейтойына ерекше сыйлық болмақ. Жиында қала әкімі Нұржан Әшімбетов облыс орталығын абаттандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Қаладағы 12 скверді аудан әкімдері абаттандырады.
Аулалар басқарма, департаменттерге беріледі. Қыркүйектің 18де сенбілік өтеді. Онда қаланы қоқыстан арылтамыз.

Өңір басшысы сенбілікті үлкен жауаптылықпен өткізуге тапсырма берді. Жиында әрбір құрылымға абаттандыру мақсатында бөлінген үй аулалары пысықталды. Серік Біләлов атқарылған шаруаға қарап, барлық басшылардың жұмысының таразыға түсетінін ескертті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Әр елді мекен таза, әдемі әрі өмір сүруге қолайлы болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы қоршаған ортаны жайлы ету үшін бірігіп көркейтуге шақырады. Бұл маңызды акцияға мемлекеттік қызметшілер, өндіріс пен әлеуметтік саланың өкілдерін, өңір тұрғындарын бір кісідей атсалысуға шақырамын. Ортақ істен жастар да сырт қалмасын.

Ел тәуелсіздігі қарсаңында ұйымдастырылып жатқан айлыққа мәслихат депутаттары да атсалысады.

Дана Ғизатова