Мәдениет

Мамлюткадағы ретро-фестиваль

   

70-ші жылдардың танымал әндері шырқалған бұл кеш қариялар үшін тосын сый болды.  Кешегі құлпырған қыз-жігіттер бүгін қадірлі қария. Алайда көңіл-күйлері олардың жастарынан сыр бермейді.

Қариялар:
 – Өте әдемі кеш болды.
Вальс, танго билеп, риза болдық.

-Біз ән айтып, би билегенді жақсы көреміз. Бірақ жиналып көңіл көтеретін жер жоқ.

Фестивальдің алғашқы құттықтау сөзі Мамлют ауданының әкімі Қанат Қалиевке берілді.

 Қанат Калиев, Мамлют ауданының әкімі:
 -Құрметті қариялар, Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Аудан әкімшілігінің және өз атымнан сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін.

 Алғашқы әуен естілісімен би алаңы жанданып сала берді. Вальс құшағында тербелген ата-әжелер қуанышқа толы жастық шақтарын еске алды.
Ал қариялардың қуанышына қызыға қараған бүгінгінің жастары үшін  70-80 жылдардың әндері   таңсық.

  Александр Пояркин, Мамлют аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
 -Біз бүгін осы мәдениет үйіне қарияларды ескі әндерді тыңдап, жастық шақтарын еске алсын деп әдейі шақырдық. Кеш көңілдерінен шығып жатқан сияқты.

Кеште ең белсенді бишілер анықталып, түрлі мақтауға ие болды. 59 жасар Лана Иваница ретро-фестивальдің ең көңілді бишісі атанды. Ол осы өнерге кішкентай кезінен құмартқан.

  Лана Иваница:
-Мен билеп қайту үшін тіпті қалаға барып тұрамын. Біз осылай жиі-жиі кездесіп тұрсақ өте жақсы болар еді. Мен шексіз қуаныштымын.

Татьяна Редькина да  бүгінгідей шараны көптен күткен екен.  

  Татьяна Редькина:
-Мен тіпті сыйлық ұтып алдым. Осындай үлкен мереке ұйымдастырғандары үшін алғысым шексіз. Ол бәріміздің есімізде қалады деген ойдамын.

Танымал әндерді тыңдап, би билеген зейнеткерлер шын мәнінде балаша қуанып, бір жасап қалды. Демек, олардың көздерінде бір сәтке болса да жастықтың отын жандыру үшін көп керек емес. Бар болғаны ескі әндер мен қолайлы орта болса жеткілікті.

 Кәусар Аяпбергенқызы