ТЖ

Бірлескен рейд



 

 

Үй ауласында рұқсат етілмеген жерлерге автокөлік қою қалада жиі кездеседі. СҚО ІІД қызметкерлері аула бойынша жүргізген бір күндік рейд барысында бірнеше заң бұзушылықтарды анықтады. Кәрім Сүтішев көшесіндегі 23-ші тұрғын үйде 176 пәтер иесі бар. Үйдің ауласы кең болғанымен, сап түзеген темір тұлпарлар тіпті аяқ бастырмайды. Ал қауіпсіздік жағдайларын ескеретін болсақ, өрт шыға қалса, мұнда құтқарушылардың бас сұға алмайтыны анық. Тәртіп сақшылары қияңқы жүргізушілерге жаза қолданып жүр. Дегенмен, көлікті белгіленбеген жерге қойғаны үшін жауапкершілікке тарту жағдайды аса оңалтпаған сыңайлы.

  Нұрлан Рамазанов, СҚО ІІД учаскелік инспекторы:
-Петропавл қаласының ІІД алдын алу шараларын жиі өткізіп тұрады. Біз жүргізушілерге автокөліктерін аулада қалдырмауларын ескертеміз. Ал құлақ аспағандарға Әкімшілік кодекстің 387-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл саламыз. Бірақ кейбір жүргізушілерге ол да тосқауыл болмай отыр.

Аулаға қойылған жеңіл автокөліктер ең алдымен өрт сөндіру қызметкерлері үшін үлкен кедергі. Құтқару жұмыстарын жүргізгенде әр минут қымбат.

  Орынбай Тазбаев, төтенше жағдай машинасының жүргізушісі:
 -Мына жағдайды өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Бұл көрініске біз жиі тап боламыз. Өрт сөндірушілердің  уақыты әрқашан тығыз. Сондықтан айтқым келетіні, машинаны автотұраққа қойыңыздар.

Темір тұлпарын үй ауласына емес, көлік тұрағына қоятындар да бар, тек ондайлардың қатары қалың емес.

  Владимир Ионов:
-Автокөлікті аулаға күндіз түскі ас ішуге келгенде қоюға болады. Ал кешке олай жасаудың қажеті жоқ. Кім біледі, сақтықта  – қорлық жоқ. Әрине, өрт шыға қалса біздің жағдайымыз қиын. Үйіміз бірден күйіп кетуі мүмкін. Себебі өрт сөндірушілерге өтетін жолға тұрғындардың машиналары қойылады.

Тәртіп әр адамның жеке басынан басталады. Ендеше әр жүргізуші белгіленген заң шекарасынан асып кетпесе болғаны.

Гүлден Сәрсенбаева