Балалар

Жастар мен тілдер мәселелері сөз болды

 

 

 

 Жергілікті “Жас отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Данияр Әбутәліпов соңғы бір жарым жылда 250 шара өткіздік деді. Елбасы жолдауын насихаттау, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, есірткіге, темекіге қарсы ұйымдастырылған шараларға 62 мың адам қатысқан. Елді мекендерді көркейту, көгалдандыру жұмыстарына да жастар белсенді араласуда. Бірақ балалықтың шалалығы болмауы керек. Әр басталған жұмыс соңына дейін жеткізілгені жөн. Мәселен, “Дипломмен – ауылға” акциясымен жұмысқа орналасқан 150-дей жастың тағдыры жасотандықтардың  назарынан тыс қалыпты. Облыс әкімі ауылға еңбек етуге  кеткен әр жастың тұрмысы назарда болуы керектігін қатаң тапсырды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ауылға кеткен жастардың тізімдерін анықтап, ай сайын мониторинг жасаған дұрыс. Жастар ұйымдары, атқарушы билік, қоғамдық ұйымдар – жастардың тұрмыстық жағдайларын қадағалап отырулары керек.

Ал сәуірде сайланған жастар мәслихатының жұмысы әзірге көзге көрінбейді. Жас депутаттар тәжірибенің жоқтығынан іске кірісе алмай жатыр.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Бұл жастар депутат атағын ғана иеленіп жүр. Олар қандай проблема бар екендігін, шешу жолдарын білулері керек. Сондықтан алдағы облыстық мәслихаттың сессиясынан кейін жастар мәслихатын да жыяйық.

Ал облыс орталығындағы балалар аулалық клубтарының жұмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Қазір олардың саны 17- ге жетті. 196 үйірме жұмыс істеп жатыр. Бұларға бөлінетін қаржы да көбейген. Егер 2009 жылы клубтардың жұмысына 61 миллион теңге жұмсалса, биыл 80 миллион теңге қарастырылған. Жастарға патриоттық тәрбие беруде облыстағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысының рөлі ерекше. Бұл саладағы қаржыландыру да көбейіп келеді.

Ерлік Жанділдин, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы:

– Жастар ұйымдарына әлеуметтік тапсырысқа 9 миллион теңге бөлінді. Ал жалпы үстіміздегі жылы облыста әлеуметтік тапсырысқа 24 миллион теңге қарастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.

Бұдан кейін жастарды отансүйгіштікке баулитын “Поиск”, “Саланг”, “Арлан” сияқты клуб жетекшілері атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Жасөспірімдер тәрбиесін толыққанды жүргізу үшін қаржылай көмек қажет. Клубтарға қажетті бөлме жалдау, оларды автобуспен қамту, соғыста қаза тапқан жауынгерледің сүйектерін іздеу жұмыстарына қатысуға қолдау керек. Облыс әкімі бұл мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын айтты. “2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту ” бағдарламасының жобасы туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кемел Оспанов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Елена Косенкова, “Жас отан” жастар қанатының белсендісі Данияр Уәлиев өз ойларын білдірді.

Әсем Сембина