Құқық қорғау органдары

Облыстық Ішкі істер департаментінің жаңа басшысы тағайындалды

 

 
  
Жаңа басшыны ІІД-нің жеке құрамына ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров таныстырды. Полиция полковнигі Мұрат Ұрымхановтың ішкі істер органдарында еңбек етіп жүргеніне 25 жыл. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын Талдықорған облысы ішкі істер бөлімінің тергеушісі қызметінен бастайды. Кейін жедел және тергеу құрылымдарында еңбек еткен. 2001 жылдан 2007 жылға дейін Алматы облысы ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.
Жаңа қызметпен Мұрат Ұрымхановты облыс әкімі Серік Біләлов құттықтап, жемісті еңбек пен сәттілік тіледі. Өңір басшысы облыстық ІІД-нің республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүргенін атап көрсетті. Соңғы жылдары ішкі істер органдарында оң өзгерістер байқалады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Облысымызда соңғы жылдары қылмыстың азайғаны байқалады. Бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншіден, облыс орталығы секторларға бөлініп, күнделікті бақыланады. Сонымен қатар полицияның аймақтық пункттері құрылып, көшпелі мобильдік топтар жұмысқа кірісті. Бұның барлығы қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға оң ықпалын тигізуде.

Бүгінге дейін аталған ведомствоға жетекшілік еткен Дауыл Түсіпбеков басқа қызметке ауысты.

Айымгүл Әбілева