Мәдениет

Неміс этнографиясының көрмесі

 

 

 

 
Лисаковск мұражайының көрмесі 2008 жылы  – Қостанай , 2009 жылы Ақмола облысын аралады. Биыл жәдігерлер солтүстікқазақстан жеріне жетіп отыр.

Жұлдызай Иманбекова,  СҚО тарихи -өлкетану мұражайының қызметкері:
-Еңбекқор неміс халқы диаспорасының қиын кезеңдері туған елдерінен алыс жерде өзінің мәдениетін сақтап қалғандығы туралы” Үзілген жіп” атты көрме ашып отырмыз.
Біздің Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан осы көрме ұйымдастырылып отыр. Бұл көрмеде неміс ұлтының әдет- ғұрпы, салт- дәстүрлерімен  жақынырақ  танысуға болады.

Людмила Штольцтың ата-анасы өткен ғасырдың 30-шы жылдары Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген. Сол уақыттан Штольцтар әулеті үшін қайырымды қазақ жері құтты қонысқа  айналған. Ана тілінен қол үзбеген ұстаз өмірін облысымызды мекен еткен отандастарына туған әдебиеттен  сусындатуға арнаған. Құрметті демалыстағы ұлағатты ұстаз бүгінгі көрмеде ұлтының өткеніне саяхат жасау мүмкіндігіне ие болғанына разы.

Людмила Штольц,  зейнеткер:
– Мен облыс орталығында неміс тілінде жазуы бар қолөнер бұйымдарын кездестірген емеспін. Мұнда тіпті ежелгі диалектіде, готикалық қаріппен тігілген жазулар бар. Аударып та көрдім. Тым көне жазулар. Неміс ұлттық нақышындағы жәдігерлер маған өте ыстық көрінеді.

Көрме “Дешт-и Арт” қазіргі мәдениет орталығының қолдауымен ұйымдастырылған. Мұнда негізінен 20-шы ғасырдың 90-шы жылдарына дейінгі неміс ұлтының қазақ жеріндегі тұрмысы бейнеленген. Көрермен назарына фотосуреттер, хаттар, жиһаз бен қолөнер, ұлттық киімдер –  барлығы  неміс шеберлерінің қолынан шыққан  800-ден артық жәдігер ұсынылған. Неміс этнографиясынан сыр шертер ең үлкен мұражайдың жиған- тергенін солтүстікқазақстандықтар 1 ай бойы тамашалай алады.

Жеңіс Ермұқанов