Әр түрлі

Әскери институт курсанттары ант берді

  
Күзгі жасақ сарбаздарының ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Оқтай түзу сап түзеген жастардың парады, оркестр орындауындағы ән шашулар дәстүрлі рәсімнің сәнін аша түсті.  Кезек ант беруге де келіп жетті. Жастар жиналған жұртшылық алдында әскери қызметін және азаматтық парызын абыроймен атқаруға серт етті.  Алдағы өмірін әскери қызметпен байланыстыруды мақсат еткендердің бірі  –  Жалил Жұмағұл.   3-ші ротаның курсанты  Тараз қаласынан келген.

  Жалил Жұмағұл,  ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының  курсанты:

-Бұл менің бала кезгі арманым. Сол арманым орындалды десе де болады. Болашақта жақсы әскери азамат болып, елімді қорғағым келеді.

Петропавлдағы  әскери институтта еліміздің әр қаласынан келген бозбалалар білім алады. Жолдың алыстығына қарамастан, ұлдарының отан қорғайтын жасқа жеткенін көріп, қуануға келген ата-аналардың қарасы қалың.

  Бақыт Құсайынова:

-Бүгін немеремнің ант қабылдағанына келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Болашақта Отанын адал қорғайтынына сенемін.

Мейрамгүл Тайшегерова:
-Менің ұлым осы әскери институттың  курсанты. Өзі таңдап келді. Қарулы күшіміз мықты болсын.

Биыл әскери институт 246 сарбазбен толықты. Курсанттардың 20-сы  Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары. Іргелес жатқан елдердің сарбаздары әскери антын туған жерлерінде беріп келген. Көрші елдерден келген  бауырларымыздың ендігі мақсаты –  әскери қызметке машықтану.

Гүлден Сәрсенбаева