ТЖ

Тағы да жеке секторда өрт шықты

   

 

 
Париж Коммунасы, 84   мекен-жайы бойынша от шыққаны туралы суық хабар алысымен,  құтқарушылар тез арада оқиға орнына жетуге асықты. Десе де  тілсіз жау монша, қора-қопсыны түгел жаулап үлгерген. Өрт сөндірушілер лаулаған отты тек 10-15 минуттан кейін ғана ауыздықтады. Үй иесінің бағына орай, жалын баспанаға жетіп үлгермеген.

  Арал Жолмұқанов, өрт сөндіруден кезекші қызмет жетекшісінің көмекшісі:
-Оқиға орнына  екінші бөлімше құрамы мен 4-ші өрт бөлімі жетті. Отты ауыздықтау үшін Б-2  шлангасын әкелдік және тағы біреуі үйді қорғауға берілді.

Тілсіз жау ауыздықталса да, өрт сақшылары күйіп кеткен заттарды мұқият тексеріп, су септі. Сақтықта – қорлық жоқ.
Өрттің пайда болу себебін арнайы мамандар анықтайды. Ал отпен талай рет күрескендер өрттің шығуына байланысты өз пікірлерін білдіруде.

  Арал Жолмұқанов, өрт сөндіруден кезекші қызмет жетекшісінің көмекшісі:
-Бұған балалар немесе жылыту құралдары себеп болуы мүмкін. Мүмкін монша жаққан шығар. Электрқұрылғыларды да тексеру қажет.

 Төтенше жағдайға балалардың қатысы болуы мүмкіндігін үй иелері де растап отыр.

  Галина Стражинскене, үй тұрғыны:
-Моншаны жақпағалы бір жыл болды. Не себепті өрт шыққанын түсінбедім. Көршілер осы жерде балалардың ойнап жүргенін көріпті.

Моншасы мен қора-қопсысы жанып кеткен тұрғындар  құтқарушыларға   жедел жетіп,  баспаналарын аман алып қалғандары үшін алғыстарын білдірді.

Гүлден Сәрсенбаева