Спорт

“Дельфин” жүзуге дайын

 

 

 

 

 

Қазақстан бойынша 25 метрлік жүзу кешендерінің арасында үздік спорт ошақтарының бірі саналатын   “Дельфин” жүзу бассейнінде бүгінде 340 тәрбиеленуші бар. Биылғы маусымда балғын спортшыларды 11 бапкер жаттықтыратын болады.

  Теміртас Әлжанов, “Дельфин” олимпиада  резервінің балалар мен жасөспірімдер жүзу бассейнінің директоры:
 -Жаңа оқу жылына  дайынбыз. Жаттығу залдарын, үлкен және кіші бассейндерді жөндеуден өткіздік. Өткен жылы біздің спортшылар жақсы көрсеткіштер көрсетті.

Жаңа оқу жылында жаттықтырушылармен жүздескен балғын спортшылар өткен жылғы жетістіктері үшін дипломдармен марапатталды. Спорт шебері Александр Труш Қапшағайдан бірінші орынды еншілеп қайтыпты. 19 жасар Александр суда жаттығып жүрген 13 жылдың ішінде баттерфляй, брасс, арқамен және еркін жүзудің қыр-сырын жіті меңгеріп алғаны соншалық, өзін суда балықтай еркін ұстайды.

  Александр Труш, спорт шебері:
Мен жүзуді осы бассейнде үйрендім. Алғаш рет ашық суда өткен сайысқа қатысып, бірінші орын алдым. 3,5 км қашықтықты бағындырдым. Бұл алғашқы қатысушы үшін жақсы көрсеткіш.

Жүзу кешенінде Александр Труштың соңынан ерген жеткіншектер жетерлік. Мысалы, Вячеслав Пешков небары 10 жасында талай сайыстарға қатысып үлгеріпті.

  Вячеслав Пешков,  “Дельфин” олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер жүзу бассейнінің тәрбиеленушісі:

Мен болашақта спорт шеберінің кандидаты болғым келеді. Жүзгенді өте жақсы көремін. Осы жылы 5 рет бірінші орын алдым. 43, 46, 52, 53 және 49 көрсеткіштерімен жеңімпаз атандым. Мен осы жетістіктерімді мақтан тұтамын.

Қыркүйектің алғашқы күнінен жұмысын бастаған «Дельфин» бассейні тәрбиеленушілерін әдеттегідей мамыр айына дейін қабылдайды.

Гүлден Сәрсенбаева