Билік

Сәбилерге сыйлық



 

 

 Бұл шаңыраққа кірген әр қонақты балалар үйінің бүлдіршіндері жатырқамай қарсы алады. Қонақтарға салар әндері де, билері де дайын. Тек ересектер оларды ұмытпаса болғаны. Балалар үйі 75 бүлдіршінге шақталған. Бүгінде төрт жасқа дейінгі 60 балақай осы жерде тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын 30- ға тарта бала жаңа отбасын табады. Ал бұл уақытқа дейін ата-аналары іздеп келмегендер өзге балалар үйлеріне жол тартады. Төрт жасар Лераны шешесі бір жарым жасында балалар үйіндегі “Үміт” тобына тапсырыпты. Осы уақыт ішінде  қызына келіп тұрған. Тұрмысы түзелген соң Лераның анасы баласын біржолата алып кетуге келіпті. Ал балалар үйінің бүлдіршіндеріне облыс әкімінің атынан 500 мың теңгенің ойыншықтары жеткізілді. Қуыршақтар мен машиналар, мотоциклдер мен қонжықтар – балалар үшін мерекеге жасалған үлкен сыйлық болды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Мереке қарсаңында балалардың көңілін табуға тырыстық. Балаларға мереке сыйлағанымызға өзіміз де қуанып қалдық. Ұжымға сәттілік, шыдамдылық тілейміз. Қазақстанның білімді азаматтарын тәрбиелеп шығарасыздар деп сенемін.  

Қазақстан атты ортақ үйде әр сәбидің жетістікте өмір сүруі үшін жағдай жасалуда. Сәбилердің көйлектері көк, тамақтары тоқ. Аға-апалары сыйлық жасап тұрады. Жетпейтіні ата-ана құшағы ғана.

Әсем Сембина