Қоғам

Облыс кәсіподақтары активінің жиналысы өтті

Кеңесте  басты назарға алынған мәселе  – ұжымдық  келісімшарт. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттейтін бұл маңызды құжат бүгінде облыстағы 3 307 мекемеде бекітілген екен. Болашақта қосымша жеңілдіктер әперетін акті барлық ұйымдарда болуы тиіс.

  Фархат Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
 –Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде мықты әлеуметтік саясат қалыптасты. Еңбек саласында құрылған үш жақты көпдеңгейлі ұжымдық келісімшарттың  арқасында мемлекетіміз халықтың әл-ауқатын жақсартуда өз қызметін кеңейтіп отыр.

Ұжымдық  келісімшартты  құрайтын да, қорғайтын да – кәсіподақ ұйымдары. Облысымызда олардың жалпы саны 255. Жиында қоғамдық маңызды институтты дамытып, көбейту   қажет екендігі атап көрсетілді.  Осы орайда  ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев жұмыс бағытын жаңғыртуды ұсынды.

  Сиязбек Мұқашев,  ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
 – Бүгінге дейін біздің кәсіподақ 7 бағыт бойынша барлық шарттарды орындап келді. Десек те, ол ескі кезден қалыптасып қалған ережелер. Сондықтан кәсіподақ жұмысының  бағыттарын қайта қарастырғанымыз жөн.

Кеңес қорытындысы бойынша кәсіподақ ұйымдарын құру жұмысы жалғасын табатын болады. Айта кету керек, алдағы 2012 жыл кәсіподақ жылы деп аталмақ.

Гүлден Сәрсенбаева