Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа емхананы аралады

 Үшінші қалалық емхана “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеруде.
Бір ауысымда бес жүз адамды қабылдайтын медициналық мекеменің құрылысы 2008 жылдың желтоқсанында басталған.

Жоба құны – 1 млрд. 361 млн. теңге. Емдеу мекемесінде мемлекет басшысы облысымызда денсаулық сақтау жүйесінде қолға алынған жаңа жобалармен танысты. Өңірдегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін биыл “Ұрпақ қоры” бағдарламасы әзірленді. Тың жобаның жұмыс істеу тетіктері бүгінде айқындалған. Оны жүзеге асыруға қомақты қаражат бағытталмақ. Үстіміздегі жылы 155 миллион теңге қарастырылған. Біздің облыс алғаш болып қолға алған жоба қыркүйек айынан жұмыс істей бастайды. Мемлекет басшысы облыста бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің  енгізілу барысымен де танысты. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев медицина қызметкерлерімен тілдесті. Президент заман талабына сай тұрғызылған емханада жұмыс істейтін дәрігерлерді қуаныштарымен құттықтап, ұжымға үш автокөлік сыйға тартты. Елбасы бүгінгі таңда республикада денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп отыр деді. Жыл сайын бұл бағытқа қомақты қаражат бөлінеді.  

 

 Мамандарға жасалған жағдайды ерекше атап өткен жөн. Көрсетіліп жатқан зор қолдау үшін ақ халаттылар алғыстарын білдірді. Жаңа емханада елуден астам дәрігер еңбек етпек. Төрт маман жоғары оқу орнын биыл тамамдаған.

Әлия Тәшетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:
-Бұл емхананың артықшылығы   тіркеу орнынан басталады. Тұрғындар келіп компьютермен тіркеледі. Барлық керек-жарақтар учаскелік дәрігерлерге , мамандарға компьютер арқылы жіберіледі. Ауру туралы жағдай барлығы. Жаңа аппараттар алдық. ФГДС, рентген, флюрография, қала бойынша өте аз аудиометр бар.  

Емдеу мекемесі алпыс мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді. Айта кету керек, қаламыздың жаңа ықшамауданында емханадан басқа тағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарланған.
 

 Айымгүл Әбілева