МТРА жаңалықтары

Мемлекет басшысы орақ науқанының барысымен танысты

 

 



 

Солтүстік Қазақстан облысы қашан да еліміздің аграрлы өлкесі саналған. Жыл сайын республикалық қордағы бидайдың 28 пайызын облыс диқандары жинайды. Сондықтан өңірге жасаған жұмыс сапарының соңында ҚР Президенті облыстың агроқұрылым өкілдерімен кездесті. Биыл 4,4 млн га алқаптың 4 млн гектарына бидай өсірілді. Сондықтан да биылғы қуаңшылыққа қарамастан мемлекет басшысы өңірімізге мол сенім артып отыр.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Солтүстік Қазақстанға келген себебімді өздеріңіз білесіздер. Жылда осы кезде егін орағының алдында егін сепкен жерлерді аралайтын әдетіміз бар. Себебі бір жағынан қолдау керек ауылшаруашылық азаматтарын, екінші жағынан жергілікті жердің жағдайын білу керек біздің жасап жатқан бағдарламамыз қалай болды деп. Қиын жағдайда қалды ауылшаруашылығы  Совет Одағы құлағаннан кейін, өзіміз білеміз жұмыссыздық болды, жердің иесі жоқ болды, жер құнарлығынан айырыла бастады. 2003-ші жылдан бастап жасалған бағдарламамен 7 жылдың ішінде біздің ауыл шаруашылығымызды ТМД елдерінің ішіндегі ең алдыңғы қатарға шығардық. Биылғы ең қиын, ең құрғақ жылдың өзінде орташа астық жинайық деп отырмыз. Биылғы жинау 15 млнның төңірегінде болса, былтырдан қалған 7 млн. Сонда 22 млн тонна астық Қазақстанда бар. Оның 8 млн-н сыртқа шығарып сатамыз. Бағасы бұрынғыдан екі есе көп.  

Елбасы артқан сенімді солтүстікқазақстандықтар ақтауға дайын. Мысалы “Базис Қызылжар” ЖШС биыл мол астық жинап алуды жоспарлап отыр.Жыл бойы бас көтермей еңбектенген диқандар қыста ылғал жинады. Көктемде арамшөппен күресіп, тыңайтқыштар септі. Мемлекет те ауыл еңбеккерлерін қолдады. Мәселен биылдың өзінде республикадан 225 млрд. теңге субсидия бөлінген. Оның 95 млрд теңгесі тұқым себу мен орақ науқандарында несие беруге бағытталса, қаражаттың 50 млрд-ы техниканы жаңартуға құйылған екен. Осының арқасында Солтүстік Қазақстан өңірі 90 мың заманауи ауыл шаруашылығы  техникасымен толықты. Ал қалған қаржы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. Ұлт көшбасшысының бұл салиқалы саясаты отандық тауар өндірушілерге ішкі нарықта мықтап бекіп, импорттық тәуелділіктің күрмеуінен босауға мүмкіндік берді.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
  -Оның үстіне Қазақстанда осы күні ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеудің 67 мекемесі салынып жатыр. Жылыжайлар салынып жатыр. Барлық жерде жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы қызметкерлері тапқан қаражатын техника сатып алуға жұмсап, жаңа аграрлық технологияны жасайтын болса, қандай жыл болмасын біз орташа астық алатын боламыз. Біздің жеріміздің өзі ауаға байланысты, аспанға байланысты. Сондықтан бұл жерге ғылым мен техника керек.

Сондай-ақ Елбасы астықты ысырапсыз жинап алу керектігін баса айтты. Бүгінде облысымыздағы егіннің 15 пайызы құлатылған. Диқандар астықты уақытында бастырып алатындарын айтады. Ол үшін агроқұрылымдарда техника да, жанар май да, ынта-жігер де бар. Нұрсұлтан Назарбаев  жұмыс сапарының соңында облысымызда жасалып жатқан тың істерге өз бағасын берді.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Облыстың жағдайы дұрыс деп санаймын. Өндірісі 30% өсіп отыр. Ауылшаруашылығы 3% өсіп отыр, өңдейтін зауыттар 11% өскен. Осының барлығы облыс әкімшілігінің, жергілікті әкімшіліктердің жасаған жұмысы.
 

 Жеңіс Ермұқанов