Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің М.Жұмабаев ауданына жұмыс сапары

 

 

Өңір басшысы алдымен “Ақса-Север” серіктестігінің алқаптарын аралады. Қожалық биыл “Акрос” комбайндарымен егін орып жүр. Бұл техниканың қуаттылығы жоғары, дейді серіктестік басшысы Алтынбек Сапаров. Сондықтан маңызды науқанда астықты ысырапсыз жинап алуды көздеп отыр.  
Бұдан кейін облыс әкімі аудандағы астық қабылдау пункттерінің дайындығын тексерді. Қазір бұл қоймаларға алтын астықтың алғашқы партиясы жеткізіліп жатыр. Булаев элеваторының сыйымдылығы 160 мың тонна. Элеватор жабдықтары  науқанға толық дайын. Облыс әкімі “Авангард СК” серіктестігінің алқаптарына да ат басын бұрды. Бұл қожалық биыл 10 мың гектарден астам алқаптан ырыс дәнін жинап алуды жоспарлап отыр. Қазір ораққа 16 комбайн жұмылдырылды. Өңір басшысы Молодежный ауылдық округындағы бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен де танысты. Диқандармен тілдескен Серік Біләлов биыл астықтың бағасы көңіл көншітерліктей болатынын айтып өтті.  

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Биыл астық сапасы жақсы, соған орай бағасы да жақсы болады. Тоннасы 200 доллардан болса, жаман емес.

М.Жұмабаев ауданы биыл 400 мың гектар жерге егін сепкен. Қазіргі таңда астықтың 14,5 пайызы құлатылып, 6 пайызы бастырылды. Былтыр бұл ауданда гектар басынан 18,5 центнер бидай жиналған. Биыл да жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін диқандар жігермен еңбектеніп жатыр. Облыс әкімі қарқыннан таймай, орақ науқанын қыркүйектің 15 -не дейін аяқтау қажеттігін айтты.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Әзірге ауа райы қолайлы болып тұр, сондықтан жұмыс қарқынын арттыру керек. Қыркүйектің екінші жартысынан бастап  ауа райы бұзылады.

 

Биыл облыс диқандары 3 млн. 900 мың гектар аумаққа себілген астықты жинап алуы тиіс. Қазіргі таңда дәнді дақылдардың 10 пайызы дестеге түсіріліп, 5 пайызы бастырылды. Серіктестіктер жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді. Астық қабылдайтын қоймалар да толық дайын.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Астық сапасы жақсы болады. Элеваторлар дайын. Енді біз астықты ысырапсыз жинап алуымыз керек.

М.Жұмабаев ауданына  жұмыс сапарынан кейін Серік Біләлов облыс орталығында “Жол картасы” бойынша күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ботаникалық бақтың жұмыстарымен танысты. Бұл нысанда “Фирма Строитель” серіктестігінің жұмысшылары еңбектенуде. Ауқымды шаруаға республикадан 300 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оранжереяда субұрқақ, мүсіндер мен алаңдар орнатылды.

 

 

Жасын Біркенов