Спорт

Түзету мекемесінде спартакиада аяқталды

 

 

 

 

   Балалар колониясының тәрбиеленушілері бір адамдай атсалысқан жазғы спартакиаданың қорытындысы шығарылды. Алдымен сайыскерлердің назарына облыс орталығының күрес мектебі мен шығыс жекпе-жегіне қатысушылар өнер көрсетті. Тамаша спорт көріністері, әсем әндер, жылы лебіздер мен құттықтау сөздерінен кейін  жекелей сында ерекшеленіп, үздік атанғандар марапатқа ие болды. Қылмыс жасап, темір торға телміріп қалған жеткіншектерге жаз бойы спорттың 12 түрінен мықтылықтарын дәлелдеу керек болды. Атап айтсақ, ауыр атлетиканың кір көтеру, қол күресі, жеңіл атлетиканың жүгіру, тартылу, ұзындыққа секіру, үстел ойындарының шахмат, дойбы түрлері мен шағын футбол, волейболдан бақ таластырылды. Барлық сындардың қорытындысы бойынша   1-ші жасақ құрамасы жалпыкомандалық есепте бас жүлдені жеңіп алды. Талпыныстары жақсы көрсеткіштерге жетелеп, бар қарсыластың алдын ораған жеңімпаз командаға құнды сыйлық – жаттығу снарядтары тарту етілді.

 Нұрлан Қазенов,  жазасын өтеуші:
-Түзету мекемесінде спортпен айналысуға толық жағдайлар жасалынған. Бүндай мүмкіндік үшін алғысымызды білдіреміз. Біз жақсылап дайындалып, жеңімпаз атандық өте қуаныштымыз.  

Жазасын өтеушілер осылайша салауатты өмір салтына бейімделіп  қана қоймай, уақыттарын да тиімді өткізеді. Ал ұйымдастырушылар  спорт – қарым қатынас пен тәртіпке шақырады дейді.

 Арғын Темірханов, 164/6 балалар мекемесінің тәрбиешісі:
-Басты мақсат, әрине, денсаулық, және спартакиаданың тәрбиелік маңызы зор. Балалар қатысқылары келіп тұрады. Және, әрине ,тәртіпті ұстап тұруға септеседі.

Салтанатты жиыннан соң жеңімпаз жасақтың әуесқой футболшылары “Борки” аулалық клубымен жолдастық кездесу өткізді.
 

Жеңіс Ермұқанов