Әр түрлі

Жаңа субұрқақ неге тоқтап тұр?

 

 

 

 

Субұрқақ қызылжарлықтарды шілденің алтысы Астана мен Петропавл қалаларының  күндерінде   ғана қуанта алды. Ал қазір оның маңына келетін демалушылардың қатары аз. Субұрқақтың құрылысы мамырдың 23 -і басталды. Тендерді ұтып алған алматылық “Болашақ МА” серіктестігі тапсырысты жергілікті “Умис” кәсіпорнына берген. Қала тұрғындарын қуанту үшін учаскеде 40-тан астам  құрылысшы тынбай еңбек етті. Мамандардың айтуынша, субұрқақтың тоқтап тұруы техникалық олқылықтарға байланысты емес. Бар мәселе ақшаға тіреліп тұр екен.

Анатолий Шабалов,”Умис” ЖШС учаске бастығы:
 – Бүгінгі күні бас мердігер біздің кәсіпорынға шамамен 22-24 млн. теңгедей берешек. Түрлі кәсіпорындардан 8-10 млн. теңгеге құрылыс материалдарын қарызға алғанбыз. Өзіміз оны да өтей алмай жүрміз.

Осылайша, қосалқы мердігерлер де жалақыларын ала алмай жүр. Сондықтан қазаншұңқырға қажет 3 мың текше метр су әлі жеткізілген жоқ.

Анатолий Шабалов,”Умис” ЖШС учаске бастығы:
– Ақша түскенше, субұрқақ іске қосылмайды.

Қалалық құрылыс бөліміне хабарласқанымызда бас маман Меңдібай Сердалинов нысан үстіміздегі жылдың қараша айында бір-ақ тапсырылуы тиіс екенін айтты. Ал жұмысты мезгілінен бұрын аяқтау мәселесі келісім-шартта қарастырылмаған сияқты. Яғни, құрылысшылар текке асыққан. Тағы бір айтып кететін жәйт, субұрқақ орналасқан учаскені күзету жайы әлі күнге дейін шешілмей отыр. Мүсіндердің орнатылғанына екі ай болған жоқ, ал бұзақылар Біржан мен Сара композициясын қорлап үлгеріпті.

Жасын Біркенов