Жол картасы

Облыстың бас кітапханасы жөнделіп жатыр

 

 

 

 С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана ғимаратында іргетасы қаланғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. Биыл “Жол картасы” аясында бұл мүмкін болды. Бас мердігер – “СевКазэнергострой” серіктестігі шаруаға сәуір айында кіріскен. Осы күні жұмыстың сексен бес пайызы тындырылыпты.

Владимир Колесников,  “СевКазЭнергострой” ЖШС учаске бастығы:

-Жөндеу жұмыстарын тамыздың отыз бірі аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ нысанды мерзімінен бұрын, тамыздың жиырма бесі-жиырма алтысы тапсырмақпыз. Қазірде екінші, үшінші қабатта негізгі жұмыстар аяқталды. Бірінші және төменгі қабатта жүріп жатыр.

Кітапхананың барлық терезелері жаңартылды. Едені мен қабырғалары қырланып-сырлануда. Электр желілері де ескірген екен. Жөндеу жұмыстарына елуге жуық адам тартылған. Олардың барлығы “Жол картасы” аясында екі қолға бір күрек тапқандар.

Амангелді Өтенов, балташы:
-Көп уақыт жұмыс іздедім. “Жол картасы” аясында осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Барлығы көңілімнен шығады. Жалақыны уақытында аламыз. Рақмет.

Ләззат Жолаушинова,  С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бас кітапханашысы:
-Жөндеу жұмыстарынан кейін кітапханамыз жылы болады деп ойлаймыз. Бүкіл терезелері ауыстырылып жатыр. Оқырмандарымызға ыңғайлы, жайлы болмақ.

Бұл жұмыстарға бағдарлама бойынша 34 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде қаражаттың сексен бес пайызы игеріліпті

Айымгүл  Әбілева