Билік

Облыс әкімінің Қызылжар ауданына жұмыс сапары

 

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов Қызылжар ауданына жұмыс сапарын “СБИ агро” ЖШС егіс алқаптарын аралаудан бастады. Серіктестік биыл 5 мың гектардан аса алқапқа дәнді дақыл сепкен. Диқандар жауын-шашынның аздығына қарамастан күзде гектарына 12-15 центнерден астық алуды жоспарлап отыр. Енді он күнде орақ та басталмақ.
Боголюбово селосындағы № 13 кәсіптік лицей жанынан биыл 150 орындық жатақхана, оқу корпусы мен қазандық құрылысы басталған. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 102 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Әрқайсысына кем дегенде 30 мың теңге жалақы бекітілген. Нысандағы құрылысқа облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген. 186 миллион теңге игеріліпті де. Бірақ қаржы биылғы жоспарланған жұмысты аяқтауға жетпейтін түрі бар.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Сметасы бар емес пе? Оны өздерің жасаған жоқсыңдар ма? Смета жасағанда неге дұрыс есептелмеген?

 

Биылғы жылға жоспарланған жұмысты атқару үшін қосымша 70 миллион теңге керек. Облыс әкімі әзірге келесі жылға қалдыруға болатын жұмысқа бөлінген қаржы есебінен қажеттілікті қамтамасыз ету жағын қарастыруды тапсырды. Мәселен, биыл жоспардағы төрт қазандықтың үшеуін ғана орната тұруға болады. 12 миллион теңге үнемделеді. Күл тазалау бункерін орнату уақытын шегерсе, тағы 14 миллион теңге қосылады. Бұл қаржының өзін бөлу – бөлмеу жағы қазан айында шешілмек. Оқу корпусының жаңа ғимаратында 8 кабинет ашылады. Бұл жердегі жұмыс 80 пайызға орындалған. Яғни, нысанның жаңа оқу жылына дайын болуы неғайбыл. Өзге оқу корпустары  да қыркүйекке сақадай сай емес. Лицей директоры Сергей Гноевыхтың  айтуынша , ғимараттар жөндеуден өткен. Бірақ  бұл жұмыс та сапасыз жүргізілген. Көзге көрінбейтін жөндеу, әуелгіде дұрыс есептелмеген смета, уақыты созылған құрылысқа көңілі толмаған облыс әкімі лицей директорының жұмысын сынға алды.  
    Бұдан кейін облыс әкімі “Петерфельд Агро” ЖШС алқаптарында болды. 23 мың гектар жерге дәнді дақылдармен қатар картоп егілген. Серіктестік директоры Петр Порубенскийдің айтуынша, бидай масағы жаман емес. Тамыздың 15-18-і бұл жердегі диқандар да егінге орақ салмақшы.

  Жасын Біркенов