Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды

 

 

 

Ұлан Сүгіров, «Сай ағаш» серіктестігінің басшысы:

-Шөп аз, сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз. Ауыл тұрғындары мен жер үлестері барларға мал азығын жеткізуді реттеп жатырмыз.

Бұл Тимирязев ауданындағы “Сай ағаш” серіктестігінің егіс алқабы. Қожалық басшысы облыс әкіміне ырыс дәнінің шығымдылығы жайында әңгімелеп берді. Көктемгі дала жұмыстары барысында технологияны сақтау құрғақшылыққа қарамастан, орташа өнім алуға мүмкіндік бермек.

Ұлан Сүгіров, «Сай ағаш» серіктестігінің басшысы:

-Бұл жерден шамамен әр гектардан 13 центнерден өнім аламыз.

Жыл ауыр, шаруаларға лизингке алған техниканың ақшасын қайтару да оңай соқпайды. Ұлан Сүгіров банктер оны бір жылға шегерсе деген өтініш білдірді. Бұл тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы бұл  ұсыныстың орынды екендігін айтып, ол жайында үкіметке хат жолдау керектігін тілге тиек етті. Жол-жөнекей облыс әкімі “Жайық и компания” шаруа қожалығының танап басына аялдады. Қожалық қазір шөп дайындаумен айналысып жатыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Шөп сапасы жақсы. Халықты қамтамасыз етсек, мал басын сақтап қалуға мүмкіндік болады.

Қожалық осы жылы 800 гектар жерге ырыс дәнін сіңірген. Мұнда да егін шығымдылығы жаман емес. Осы жерде шаруа басшыларымен әңгімелескен облыс әкімі жағдайдың ауыр екендігін айтып, астық жинауда бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін ескертті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Астық бағасы қазірдің өзінде 120 доллар. Ол 200-220-ға дейін көтеріледі. Күз жаңбырлы болады деп күтілуде. Астық кептіретін орындарды дайындау қажет. Қазір элеваторлардағы астық шығарылып жатыр. Олар орақ науқанына дейін дайын болуы тиіс. Үй басына 2-3 тоннадан шөп жеткізу қажет. Бірінші кезекте халықтың әлжуаз топтарына көмектесіңіздер.


Бүгінгі күні Жарқын ауылында таза ауыз су жағы өзекті болып тұр. Диқандар облыс әкімінен осы мәселені шешуге қол ұшын беруді өтінді. «Су бар, бірақ тұзды. Соны ішіп жатырмыз. Таза ауыз суды Есперліден тартуға болады, арасы 10 шақырым. Ол жасалса барлық мәселе шешіледі»,- деген тұрғындарға облыс әкімі: «Сметалық құжаттарды әзірлеңіздер, қарастырып көреміз.»,- деп жауап берді.
Өңір басшысының ауданға жұмыс сапары Степной елді мекенінде жалғасты. Бұл округте шілденің 24-і күні ауыл мейрамы мен Құртай бидің 200 жылдығы аталып өтілмек. Селолық округ әкімі Любовь Манахова дайынық жұмыстары жайында айтып берді. Аталмыш шара мектеп алаңында ұйымдастырылмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Үлкен мереке болады. Жақсылап өткізу керек. Округтегі көпбалалы аналарға “Алтын алқа” және “Күміс алқаны”осында тапсыру керек. Концерттік бағдарлама мен спорттық сайыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет.

Бұдан соң облыс әкімі мектеп жанындағы жылыжай мен учаскені аралап көрді. Оған қырыққабат, сәбіз, қызанақ, картоп, бұршақ, қызылша, қияр секілді көкөніс түрлері отырғызылған. Бұл оқу жылында балаларды ыстық аспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жерде ауыл тұрғындарымен әңгімелескен өңір басшысы мал азығын дайындау үшін жылы күндерді пайдаланып қалуды тапсырды. Үйге әкеліп беретін шөпке сенім артпай, бір кісідей шөп шабуға шығудың қажеттігін ескертті.   

 

Самат Есмағи