Бүгінде қаланың әр ауданындағы бес жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең ірі жоба Брусиловский көшесінде іске асырылуда. Бұл жерде тозығы жеткен жылу желісі диаметрі 400 мм -лік құбырларға алмастырылып жатыр.
Виталий Гафаров, “Петропавл жылу желілері” ЖШС дәнекерлеуші-бригадирі:
-Осы күні жер жұмыстарының жартысынан астамы атқарылды. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр, тамыз айының соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз.
Осы күні облыс орталығында төрт шақырымнан астам жылу желісі жаңартылыпты. Жалпы үстіміздегі жылы қала бойынша он екі шақырымнан астам құбыр ауыстырылмақ. “Петропавл жылу желілері” кәсіпорны күрделі және ағымдағы жөндеу шараларына 350 млн. теңгеден астам қаржы бағыттап отыр. Қысқы жылыту маусымына дайындық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда да жүріп жатыр. Бірақ жұмыс қарқыны бәсең дейді жылу берушілер. Облыс орталығында осындай төрт мыңнан астам нысан болса, бүгінде оның тек біреуі ғана қысқа дайын. “Айгөлек” балабақшасы алғашқы болып жылыту маусымына әзірлік паспортын алыпты.
Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Білім беру, медицина мекемелерінде қысқа дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Ал тұрғын үй секторында бұл шаруаның қарқыны бәсең. Тұрғын үйлердің ешбірі бүгінде дайындық паспортын алған жоқ. Жеке пәтер иелері кооперативтері лицензиясы бар кәсіпорындармен келісім-шарт жасасып, жөндеу шараларын тездету керек. Әйтпесе қыркүйек айында жылдағыдай үлкен кезек болады.
“Петропавл жылу желілері” құбырларды шаю, қысым жіберу шаруаларын жүргізбейді. Облыс орталығында бұл жұмыстармен айналысатын оннан астам арнайы кәсіпорын бар.
Айымгүл Әбілева