Веложарыс аяқталды

МТРА жаңалықтары

17:20 21 Шілде 2010

Велоспорттың Маутинбайк деп аталатын түрі үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. 2 күнге созылған осындай жарыста спортшылар сайдан дөңге шығып, түрлі кедергілерді бағындырды. Ұзақтығы 21 шақырым жолды жүріп өту барлық 25 спортшының қолынан келмеді. Нәтижесінде шығысқазақстандық велосипедшілер топ жарды. Өскемендік Ернар Бауырбеков бұл сайысқа үш жыл қатарынан қатысып жүр. Велоспортпен айналысқан 5 жыл зая кеткен жоқ дейді ол. Бұл жолы да Ернар жеңіс тұғырынан көріне алды.

Ернар Бауырбеков, ШҚО құрамасының велошабандозы:
-Жарыс қиын болды. Себебі жолдар, бұрылыстар қолайсыз. Бірақ мен 1-ші орын ала алдым. Болашақта «Астана» құрамасына енгім келеді.

Біздің жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 208 ұпаймен 2 орынға тұрақтады. Үшінші орын 150 ұпай жинаған павлодарлық спортшылардың еншісінде, ал шығысқазақстандық жеңімпаз команданың  260 ұпайы бар.

Данияр Шәкенов, аймақтық дене тәрбиесі, спорт және АӘД орталығының директоры:
-Жарыс деңгейі жоғары болды. Барлығы 10 шақты команда қатысты.

Аса ауыр сында топ жарған спортшыларды ұйымдастырушылар құттықтады. Жарысты жоғары деңгейде өткізген аймақтық дене тәрбиесі, спорт және АӘД орталығы мен оған ақпараттық қолдау жасаған муниципалдық телеарна ұжымының еңбегі де жоғары бағаланды.
 

Кәусар Аяпбергенқызы