Билік

“Нұр Отандағы” кезекті қабылдау

 

 

 

 Владимир Зенченко Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы тұрғындарының бұйымтайын айта келіпті. Энергетиктер, Октябрьдің 70 жылдығы және Жамбыл көшелеріндегі 18 үйді су құбыры магистраліне қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Тұрғындар қаржының бір бөлігін өтеуге әзір. Жағдаймен танысқан партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Серік Біләлов бұл өтінішті қолдады.

Серік Біләлов, “Нұр Отан” ХДП СҚФ төрағасы, облыс әкімі:
-Аудан әкімі, “Жігер” коммуналдық кәсіпорнының жетекшісі бұл үйлерді негізгі магистральға қосуға жәрдем көрсетсін. Мәселе тамыздың жиырма бесіне дейін шешілуі тиіс.

Есіл ауданындағы Жаңалық ауылы тұрғындарын да су мәселесі мазалайды. Мал суару ауылдықтардың бас ауруына айналған. Тұрғындардың өтінішін арқалап келген Ғалымжан Бекматов ауыл маңындағы бұлақтың көзін ашу керектігін айтады.

Ғалымжан Бекматов:
-Жалғыз бұл ауыл емес, сол маңда “Красный бор” қорығы бар. Мал ішетін су жоқ. Бұлақтың көзін ашса, мәселе шешілер еді.

Партия филиалының төрағасы бұл мәселені қарауға уәде берді. Бұл жолы көмек сұрап сегіз солтүстікқазақстандық келді. Барлық өтініштер бақылауға алынды.

Айымгүл Әбілева