ТКШ

Жаңа су құбыры тартылуда

 

 

 

 Бас мердігер “Рүстем” ЖШС су құбырын тарту жұмыстарын мамырда бастаған. Барлығы төрт жарым шақырым құбыр төселмек. Бүгінде оның үш жарым километрі тартылыпты. Полиэтиленмен қапталған 110 миллиметрлік құбырлар жергілікті Петропавл құрылыс материалдары зауытынан жеткізіледі.
Құбыр тартуға заманауи қондырғы қолданылуда. Көлбеу бағытта бұрғылау құрылғысын пайдалану темір жол қозғалысын тоқтатпай, жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Жоспар бойынша су “Лесхоз” кенті мен “2632” теміржол айрығының тұрғындарына жеткізілуі керек болатын. Алайда іс жүзінде тек бір ауыл ғана ауыз сумен қамтамасыз етлімек.

Борис Королев,  “Рүстем ҚЭК” ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы:
-Жоспар бойынша біз жаңа құбырды ескісіне қосып, екі ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етуіміз керек болатын. Бірақ ескі құбыр істен шыққан, жарамсыз. Сондықтан су “Лесхоз” кентіне ғана жеткізіледі. “2633” теміржол айрығына  жаңа құбыр тарту үшін қосымша қаржы керек. Алайда жобада бұл қарастырылмаған. Бірақ бұған қарамастан біз жаңа су құбырын тозығы жеткен құбырға жалғаймыз.

Жобаға сәйкес су құбырының бойына алты колонка мен сегіз өрт гидранты орнатылады. Қауырт жұмысқа он бірлік техника мен 100 адам тартылған. Орташа еңбекақы – 40-45 мың теңге.

Марат Мәкенов, дәнекерлеуші:
-Көп уақыт бойы жұмыс іздедім. Енді міне “Жол картасы” бойынша осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Барлығы көңілімнен шығады. Жалақымды уақытында аламын.

Жоба құны – 71 млн. 300 мың теңге. Осы күні 50 млн. теңгеге жуық қаражат игерілген. Мердігерлер бар шаруаны мерзімінен бұрын, тамыз айының алғашқы онкүндігінде аяқтаймыз деп отыр.
 

Айымгүл Әбілева