Билік

Тұрғын үй құрылысы «Нұр Отанның» бақылауында



 

Қараша айының соңына дейін облыс орталығында үш бірдей ипотекалық үй тапсырылуы тиіс. Алайда құрылыс қарқыны жоспарға сай болмай отыр. Оған себеп не? Бұл мәселе “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің отырысында талқыға салынды.

Григорий Кухарь, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі:

– Құрылыстың кешеуілдеуі, біріншіден, әлеуметтік маңызы бар , екіншіден, қала бюджетіне әсер етуі мүмкін. Ол кем дегенде 1 миллиард теңге. Мәселені талқыға салудағы мақсатымыз жауапты басшыларға ұрсу емес, керісінше тығырықтан шығар жолды бірлесіп қарастыру болмақ.

60,75,80 пәтерлі ипотекалық үйлерді салуға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы қомақты. Қазір ол толығымен игеріліп болуға жақын.

 Болат Зайнуллин, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің бастығы:

-60 пәтерлі үй тамыз айында тапсырылады. Ал 75 пен 80 пәтерлі баспана қазан айының соңына жоспарланып отыр. Оған қаржының уақтылы аударылмауы қолбайлау болды. Сондай-ақ 75 пәтерлі үйдің бас мердігері де ауысты. Қазір құрылысты “Основание” серіктестігі жүргізіп жатыр. Олар жұмыстарды білгіленген мерзімде аяқтаймыз деп отыр.

Ипотекалық үйлердің тез арада тапсырылуы құрылысқа жұмсалған қаржының орнын жабу үшін қажет. Жоспар бойынша олар өткен жылы берілуі тиіс еді, бірақ дағдарыстың кесірінен мерзім шегерілген болатын. Партия филиалы қалалық саяси кеңесінің төрағасы, қала әкімі Нұржан Әшімбетов биыл ондай жеңілдіктерге жол берілмейтініне тоқталып, баспананы белгіленген уақытта іске қосу керектігін атап көрсетті.  Үш бірдей ипотекалық үй қайткенде де осы жылы тапсырылуы тиіс.  

 

Самат Есмағи