Биыл төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, елді мекендердегі өртті ауыздықтау бағдарламаларына қаражат бөлінбеген. Сондықтан болар, қайғылы оқиғалардың саны өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Мәселен, соңғы алты айда 595 апаттық оқиға тіркелген. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 37 пайызға өсті.
Құрман-Ғазы Сүйіндіков, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Көбіне төтенше жағдайлар облыс орталығында, Аққайың, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов аудандарында орын алды. Олардың салдарынан былтыр 72 адам жапа шексе, биыл олардың саны 126 -ға көбейді.
Төтенше жағдайдан 320 млн. теңге материалдық шығын келген. Атап кету керек, бірқатар алдын алу шаралары сәтті жүргізілді. Соңғы жарты жылда қауіпті кәсіпорындарда апат, көктемгі су тасқыны болған жоқ. Қайғылы оқиғалардың саны кей аудандарда азайып отыр.
Азамат Орынбаев, Айыртау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
-Адам өлімі 30 пайызға азайды. Егер былтырғы жылдың осы кезеңінде 3 адам қаза тапса, биыл тек 1 адам тіркелді.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров төтенше жағыдайлардың алдын алу үшін жұмыс жасау керектігін ескерті.
Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Бүгін біздің алдымызда бір міндет тұр. Ол халық пен облыс аумағын табиғи және техногендік апаттардан берік қорғау. Өңіріміздің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығы осыған байланысты.
Жартыжылдықта атқарылған жұмыстар нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Олқылықтар жуық арада түгелімен жойылуы тиіс. Және ол алдағы уақытта қайталанбауы керек. Жиын қорытындысы осыған саяды.
Жасын Біркенов