Мәдениет

Уәлихан мен Алена 200 өнерпаздың арасынан топ жарды

Шілденің 6 -11 аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен “Преображение” халықаралық фестиваліне әлемнің бірнеше елінен 200-ге тарта жас таланттар қатысқан болатын. Олардың қатарында Бескөлдегі “Мерей”өнер мектебінің екі оқушысы бар. Дүбірлі додада жерлестеріміз жеке орындау және дуэт номинациясында 3 бірдей 1-ші орынды қанжығаларына байлап қайтты. Уәлихан Әскербековтің жасы 13-те. Домбыра тартумен айналысқанына 4 жыл болған. Жас өнерпаз халықаралық сайыста жеке орындауда Құрманғазының «Науаи» мен «Жастар» күйін ойнапты.

Уәлихан Әскербеков, байқау жеңімпазы:

Маған Санкт-Петербург қаласы өте ұнады. Сайыс оңайға түскен жоқ, қарсыластарым мықты болды. Бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін күтпеген жағдай.

Екінші жеңімпаз  – 14 жасар фортепианошы Алена Семченко. Ол байқауда қазылар алқасына Брусиловский мен Хачатурянның шығармаларын ұсынған.

Алена Семченко, байқау жеңімпазы:

Менің де қарсыластарым мықты болды. Олардың жалпы саны жеті адам. 9 жасымнан бастап фортепиано тартумен айналысамын. Ұстазымның еңбегі мен өз талабым еш кеткен жоқ. Орын алғаныма қуаныштымын. Байқаудан алған әсерім мол.

Жас өнерпаздардың домбыра мен фортепианода  қосылып орындаған шығармасы да қазылар алқасының көңілінен шыққан.  

 Татьяна Бүкірова, домбыра сыныбының мұғалімі:

-Балалардың өнеріне ризамын. Сайыста орындаған шығармалары жұрттың көңілінен шықты. Халықаралық додадан бірінші орын алулары баршамызға ортақ қуаныш.

Уәлихан мен Аленаның ұстаздары өнерпаздардың әлі талай шыңды бағындыратындарына сенім мол дейді.
 

Самат Есмағи