Денсаулық сақтау

“Қаланың үздік адамы” – дәрігер

 

 

 

Галина Әбуғалиқызы Мәметованың еңбек өтілі 26 жыл. Қызметін қатардағы дәрігерліктен бастаған. Бүгінде №1 қалалық аурухананың бас дәрігері. Қызылжарға 1984 жылы Целиноград медицина институтының емдеу ісі факультетін тәмамдағаннан кейін жолдамамен келіпті.

Галина Мәметова,  №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

-Дәрігер болу бала кезгі арманым еді. Жоғары оқу орнын аяқтағасын интернатура бойынша облыстық ауруханаға анестезиолог-реаниматолог болып келдім. Одан соң 10 жыл үшінші қалалық ауруханада жұмыс істеп, 5 жыл перинаталдық орталықта бөлім меңгерушісі қызметін атқардым. Кейін еңбек жолымды облыстық балалар ауруханасында жалғастырдым.

№1 қалалық аурухананың бас дәрігері болып жұмыс істегеніне де 4-ші жыл. Денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Таяуда өткен Астананың туған күні мен қала күні мерекесінде Галина Әбуғалиқызы  “Қаланың үздік адамдары-2010” номинациясы бойынша марапатталды.   Мұндай атақ  қоғамдық жұмыстардағы табысы мен облыс орталығының экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосқандарға ғана беріледі.  


Галина Мәметова, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

-Дәрігер үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Жоғары оқу орнында алған білім іс жүзінде ұшталады. Бұл ретте еліміздегі бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі біздерге одан да үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ол ұлттың денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарлама. Оған тамшыдай болса үлесім тисе, мен үшін үлкен бақыт.

 Хия Ерденова – № 1қалалық аурухнаның неврология бөлімінің меңгерушісі:

-Бас дәрігер өз ісінің маманы. Жоғары санатты анестезиолог. Білгенін бізге үйретуден еш жалыққан емес. Мінезінде қаталдық та бар. Бірақ басшы болғасын ол да қажет. Өйткені біздерге жүктелер міндет зор.

№1 қалалық аурухана 150 орынға шақталған. 4 бөлім жұмыс істейді. Солардың бірі – қайта қалпына келтіру терапиясы. Мұнда мамандар ауыр операциядан шыққан науқастардың аяқтарынан тұрып кетулеріне көмектеседі. Ол түрлі жаттығулар арқылы жүзеге асырылады. Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Ольга Жуковскаяның омыртқасына ота жасалған. Осы жерде ем қабылдап жатқанына 9 күн болыпты.

Ольга Жуковская, ем қабылдаушы:

Мен операциядан шықтым. Дәрігерлер бізге жақсы қарайды. Барлығы өз ісінің мамандары. Қазір денсаулығым айтарлықтай түзелді. Айтар алғысым шексіз.

Аурухана мемлекеттік тапсырыс бойынша айына 222 адамды тексерістен өткізулері керек. Ол 100 пайыз орындалады. Нысанда күрделі жөндеу де жүргізіліпті. Ем қабылдаушыларға барлық жағдай жасалған. Алайда ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген нақылды естен шығармаған жөн.

Самат Есмағи