Спорт

VII қысқы Азия ойындарына әзірлік

 
 

 

 

 Бұндай шара елімізде тұңғыш рет өткелі отыр. Қысқы Азия ойындары алауының эстафетасын қарсы алып, шығарып салу үлкен жауапкершілікті талап етеді.     VII  Азия ойындарының бастамасы болатын шараға әзірлік мәселелері облыстық ұйымдастыру комитетінің отырысында талқыланды. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін облысқа алау эстафетасының дирекциясы келді.

Сәрсен Құранбек,  2010 жылғы VII   қысқы Азия ойындары алауының эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары:
– 2011 жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Бұл шара үлкен мерейтойдың бастамасы іспеттес. Сондықтан оны жоғары дәрежеде өткізу керек.

 

Азия Олимпиадалық кеңесінің  штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласында тұтатылатын алау Петропавл қаласына қаңтардың 20-сында жетеді. Эстафетаның бірінші кезеңі қаңтардың 21-інде басталып, кешқұрым от Көкшетау қаласына жол тартады. Алау эстафетасына қызығушылық танытқан жерлестеріміздің бәрін мерекеге тарту көзделген.  Ал  алаудың өзін жергілікті жерден таңдалған 50 және Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінен келетін 10 алаугер алып жүретін болады. 12 шақырымдық саяхат барысында алаугердің әрбірі 200 метрден жүгіріп өтпек.

 Самат Ескендіров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Бізде алаугер болуға лайықты жерлестеріміз жетерлік. Отансүйгіш, белсенді, еңбегі сіңгендер елуден де асып түседі. Барлық сала қызметкерлерінің арасынан алауды ұстауға лайықты дегендерін таңдаймыз.

Сөйтіп, алдағы қыста өтетін шараға дайындық алаугерлердің кандидатураларын сараптаудан басталмақ. Кейін өңірлік эстафетаның бағыты анықталып, шараны өткізуге қажетті 13 млн 197 мың теңге қаржы бөлінбек.

Гүлмира Шоқтыбаева