Музыка

Болгарияда жеңіске жетті

 

 

Қасиетті қара домбыра Еңгіліктің 6-сыныптан бері қолынан тастамайтын ең жақын серігіне айналған. Алғыр шәкірт пен білікті ұстаз осы ұлттық аспаптың сиқырлы үнімен талай жұртты тамсандыра білді. Бұл жолы 14 елден 1000-ға жуық өнер иесін жинаған 10-халықаралық жастар фестивалінде де олар ең биік тұғырдан көрінді.

Еңгілік Тілеулі, Петропавл өнер колледжінің студенті:
-Тойкен Кабиевна Болгарияға бірнеше рет барған. Ол кісінің оқушылары сахнада жоғары деңгейде ойнаған екен. Сондықтан менен де сол деңгейді күтіпті. Сол маған өте қиын болды.

Конкурста «Серпер», «Кербез керік», «Бестөре» сияқты белгілі күйлерді орындаған жас домбырашы фестиваль аясында өткен гала концертке қатысу қуанышына да ие болыпты. Шәкірті үлкен сахнада өнер көрсетсе, ұстаз үшін бұл үлкен мерей. Тойкен Күдерованың ұстанатын қағидасы: ең қатаң талап қана жоғары нәтижеге жеткізеді.

Тойкен Күдерова, Еңгіліктің ұстазы:
-Менің мінезім қаттылау, сондықтан балаларды сабақта аямаймын, талабым мықты. Балалар да өздерін жақсы көрсете алады. Ол әлі ашылмаған кішкентай талант қой, сол талантты әлі де ашу керек.

Жас талант жүздеген өнерпаздың ішінен ерекшеленді. Өзін ғана емес, қазақ халқын да танытуда оның киген киімі де сеп болыпты.  Конкурста ең әдемі костюмдардың бірі ретінде атап өтілген  көйлекті арнайы тапсырыс бойынша ең үздік тігіншілер жасаған. Мұнда қадалған тастардың өзі Саратов қаласынан тапсырыс бойынша әкелінген. Байқауда топ жарған Еңгілік Тілеулі өз ата-анасына шексіз риза. Өйткені оған демеуші болған да солар.

Кәусар Аяпбергенқызы