Өнеркәсіп

“Парасат” холдингімен меморандум жасалды

 

 

“Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі еліміздегі ірі ұшқыр, серпінді, үдемелі технологиялармен айналысушы кәсіпорындарды қанатының астына алған. Жобаларды зерттеп, жасау бар да, оны өндіріске енгізіп, тұтынушыға жеткізу бар. Отандық тауар сапасын жақсарту, өнімділікті арттыру   үшін елімізде кәсіпкерлік дамуы керек. Алыпсатарлықпен айналысатын шағын және орта бизнес қазақстандық тауарды тасуы тиіс. Осындай байланыс болғанда ғана еліміздің экономикасы алға басады дейді ғалымдар.  Холдинг басшылығы мен мүшелері бұл таныстырылымға облыстың дамуына аса қажет жобалармен келіпті. Мәселен, “Сұлусвет” консорциуымының директоры Сағадат Әбдіғапар таныстырған жарық диодты шамдар электр энергиясын бірнеше есе үнемдейді. Қолданыста қауіпсіз шамдар өзге елдерден жеткізілетін осындай өнімдерге қарағанда әлдеқайда жетілдірілген, әрі арзан.  Яғни бүгіндері көшеде ілулі тұрған 420- ваттық шамды 60-ваттық жаңа үлгісіне ауыстыру мүмкіндігі бар. Ал гидродинамикалық жылытқыштар су мен жылу жүйесінде таптырмайтын қондырғылар. Қондырғыны қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы іске қоспақ. Елімізде жер асты байлығын игерумен қатар энергия мен суды үнемдеу мәселесі де өзекті тұр. Холдинг ұсынған жобалардың бірі пайдаланылған суды өңдеу технологиясы да өңірлер үшін өте тиімді жоба. Ғылыми-технологиялық кешен мектеп оқулықтарын электронды форматқа көшіру, қазақ тілінің түрлендіргіші, яғни айтылған сөзді компьютерге сол мезетте жазып түсіру сияқты жобалардың жүзеге асуына да қолдау білдірген. Тіпті жүзеге асуы үшін талай уақыт керек көрінетін ғажайыптар туралы да айтылды.Мысалы, ішімдік ішкен жүргізушіні рөлге отырғызбайтын автокөліктер, жылдамдықты рұқсат етілмеген жерде күшейткен темір тұлпарларға тұсау салатын жолдар залдағылар үшін ертегідей көрінді. Бірақ ғалымдар  жаңа технологиялар заманында  бұның барлығы бүгін-ертең жасалатын дүние екеніне нандырып бақты. Жиын соңында облыс әкімі мен “Парасат” ғылыми-технологиялық холдингінің басшылығы бірлесе жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойды.

Нұралы Бектұрғанов,  “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдинг” АҚ басқарма төрағасы:

-Солтүстік Қазақстан облысынан Букетов , Молдахметов сияқты атақты ғалымдар шыққан. Әкімдік қарсы алып жатыр, рақмет. Алдағы уақытта бірге жұмыс істейміз деп ойлаймын.


Жиналғандар ғылым, атқарушы органдар, бизнес бірлесе жұмыс істеуі керек, жаңа жобаларды жүзеге асыруға шағын және орта бизнес өкілдері қызығушылық білдірсе, іс тез ілгері жылжиды деген пікір білдірді.

Әсем Сембина