Билік

Үкімет басшысы облыс орталығындағы кәсіпорындардың жаңа өнімдерімен танысты

 2010 жылы Петропавл құрылыс материалдары зауытында сырты полиуретанмен қапталған жылу ұстағыш құбырлар жасау желісі іске қосылды. Ішкі температураны сақтап тұратын құбырлар – қысы қатты солтүстік өңір үшін таптырмас құрылыс материалы. Жаңа желінің жұмысы Премьеринистрге көрсетілді. Кедендік одақ аясында жылу сақтағыш құбырлар Ресей Федерациясының Омбы облысына да жөнелтіле бастайды. Одан өзге үш жылдың ішінде зауытта диаметрі 16 мм-ден 1000 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырлардың өндірісі де жақсы жолға қойылған. Әзірге мұндай диаметрлісі Петропавлдан басқа Атырауда ғана шығарылуда. Құрылысқа арналған сиппанельдер мен сэндвич панельдер де облыстың құрылыс нысандарында кеңінен пайдаланылады. Жалпы осы уақыттың ішінде кәсіпорында 1 млрд.399 млн теңгенің өнімі шығарылыпты.

 Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:
-Ел Президентінің «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бізге 60 үйдің құрылыс материалын дайындауға тапсырыс түсті. Яғни елге келген отандастарымыздың баспанасы зауытта дайындалған сэндвич-панельдерден тұрғызылатын болады.


 Тұрғын үйлер мен жайларға арналған темір шатыр да осы зауытта дайындалады.
Қазіргі уақытта 1 шаршы метрінің құны 1250-1300 теңгенің маңында. Шикізаттың 67 пайызы отандық тауар өндірушілердікі. Тағы бір отандық өнімді Кәрім Мәсімовтың назарына Киров зауытының мамандары  ұсынып отыр. Кәсіпорын конструкторлары ойлап тапқан сандық телевия тарату құрылғысы  шалғайдағы ауыл тұрғындарына Қазақстанның негізгі арналарын көруге мүмкіндік бермек. 16 метрлік антенна 20 шақырым аралықтағы ауылдарды сандық телевизиямен қамтамасыз етеді. Бұл жоба ел көлемінде жүзеге асса, зауыт тұрғындарды арнайы сигналдар қабылдайтын құрылғылармен қамтамасыз етуге дайын. Премьер-Министр облыстағы “Жол картасының” жүзеге асу барысымен де танысты. Өңірде бағдарлама аясында 139 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша 2 млрд 539 млн теңге игерілген.

 Министрлер кабинетінің басшысы “Севказэнерго” акционерлік қоғамына да ат басын бұрды. Бұл кәсіпорында бүгінде қысқы жылыту маусымына дайындықтың қызған шағы. Жаңарту және жөндеуге 3,5 миллиард теңге бағытталмақшы. Жұмыс жоспарға сай орындалуда. Премьер-Министр екінші жылу электр орталығындағы турбина цехында болып, қазандықтардың жай-күйіне назар аударды. Кәсіпорында қолға алынған ірі жоба – күл төгетін орын. Бұл нысан бүгінгі таңда 60 пайызға дайын. 2011 жылдың сәуір айынан оны қолданысқа беру көзделген.

Гүлмира Шоқтыбаева, Тимур Әбдрешев