Бизнес және экономика

Табиғат пайдаланушылар тәртіпке шақырылады

 

 

 


 

 

Табиғат байлығын өндірісте пайдаланушылардың жұмысын бір арнаға салу бүгінгі күннің талабы. Селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев табиғат байлығын  пайдаланушылармен жасалған келісім-шарттардың талаптарын біріздендіруді тапсырды. Осыған дейін мұндай компаниялармен облыс әкімдері өз алдарына келісім жасасқандықтан, шарттардың да талаптары әр түрлі болып келді. Бір облыста қатал болса, екінші аймақтағы талаптар өте жұмсақ. 221 келісім-шарт құрылыс материалдарына қатысты жасалған. Шағыл тастар, әк, құм мен тұз өндірумен айналысатын кәсіпорындардың 121-і ғана талапқа сай болып шықты. Салықтан жалтару да бар. Бұл кемшіліктер прокурорлық тексеру кезінде анықталған. Бірінші вице-премьер табиғат байлығының халықтың игілігіне ғана жұмсалуы қажеттігін ескертіп, заң талаптарын орындамаған компаниялармен келісім-шартты бұзуды жеделдетуді тапсырды. Елбасы бұл жұмысты реттеуге Үкіметке жарты жыл уақыт берген. Бірақ аймақтардағы жағдай көңіл көншітпейді. Өңірде атқарылған жұмыстар жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров есеп берді.

Самат Ескендіров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Қазіргі күні облыста 50 контракт жұмыс істейді,20-на  ескерту жіберілді,  4-і бұзылды.

Селектор соңында Самат Ескендіров өңірде қалыптасқан жағдайды тағы да таразылап, келісім-шарт талаптарын орындамай жүрген табиғат пайдаланушылармен әріптестікті үзуді жеделдету керектігін айтты.Тапсырманың республика аймақтарында қаншалықты орындалғаны бір айдан кейін болатын селекторда қаралады.                       

Дана Ғизатова