МТРА жаңалықтары

“Жол картасы” бойынша бөлінген қаржыны игеру – бақылауда

«Жол картасына» бөлінген қаржының орынды, тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі  ведомствоаралық комиссия мүшелері осы бағдарлама аясында облыс орталығында жаңа жұмыс орындарын ашу, білім, мәдениет және мұрағат мекемелерінде бағдарламаны   жүзеге асыру барысын талқылады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

-«Жол картасына» сәйкес облысымызда арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекке тартуға мүмкіндік берсе, екіншіден, әлеуметтік маңызы бар нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге жол ашылды. Сондықтан осы мақсатқа бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болуы керек .

Аталмыш бағдарлама шеңберінде облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар 45 нысанға жөндеу жүргізу қарастырылған. Бұл 2 752 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берсе, даярлық курсына жіберілген 660 адамның қазіргі күні 150-і арнайы сертификаттарын алып, мамандығы бойынша еңбекке жұмылдырылыпты. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 2 миллиард 833,3 миллион тегені құраса, бірінші жартыжылдық еншісіндегі ақша толығымен игерілген. Осының бәрі қала әкімі Нұржан Әшімбетовтың хабарламасында көрініс тапты. «Жол картасы» бойынша биыл 50 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізілмек. Қазіргі күні бұл жұмыс қызу жүріп жатыр.  Бұл мақсатқа бөлінген қаржы 212 миллион теңгеге жуық. Мәдениет саласында 13 нысан жаңа кейіпке енбек. Оған жалпы сомасы 279,3 миллион теңге бағытталыпты. Ауқымды жұмыс қалалық мәдениет үйінде жүргізілуі тиіс, бірақ ол мердігердің лицензиясы жоқтығына байланысты кешеуілдеп отыр. Осы жылы аталмыш бағдарламадан мұрағат мекемелері де шет қалған жоқ. Мұнда күрделі жөндеу қарастырылған 6 нысанға 64 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Басқарма бастығы 87 жұмыс орны құрылып, бірінші жартыжылдыққа бөлінген қаржы 100 пайыз орындалғандығын атап көрсетті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы «Жол картасының» жүзеге асу барысы туралы есеп берсе, қаржы басқармасының басшысы бірінші жартыжылдықтағы бюджеттің игерілуіне тоқталып өтті. Маңызды бағдарламаны жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлініп отыр. Оның орынды жұмсалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Қатарынан екінші жыл жүзеге асырылып жатқан «Жол картасы» бағдарламасы тозығы жеткен бірқатар әлеуметтік нысандарды жаңалауға мүмкіндік берді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі осы мақсатқа бөлінген қаржының әр тиыны есепте болуы керектігіне тоқталып, оған әр басшы жауапты екенін  атап көрсетті.


Самат Есмағи