МТРА жаңалықтары

Көлік жүргізген нашақорлар

 

 

 


2007 – 2009 жылдар аралығында наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрған 93 тұрғын жүргізуші куәлігіне ие болыпты. 43-і темір тұлпар роліне отыру құқығына алғаш рет қол жеткізгендер болса, 34 -і куәліктерін жаңа үлгідегіге алмастырыпты. Бұлардың дені нашақорлық дертіне мықтап шалдыққандар. Көбі көкнәр  шексе, бірқатары инеге тәуелді болғандар. Маскүнемдер де көлік рөліне отырудан тайынып көрген емес. Бұл фактілер прокурорлық тексеріс кезінде анықталды.

Гүлнәз Шәріпова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
-Бұл адамдар заңсыз жолмен жүргізуші куәліктеріне ие болған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес нашақорлар мен ішімдікке салынып, тіркеуде тұрған тұлғаларға көлік нысандарын жүргізу құқығы берілмейді.

Тексеріс барысында нашақорлардың кейбірі тіпті қоғамдық көліктердің жүргізушісі болып қызмет еткені анықталған. Диспансерде тіркеуде тұрған азаматтарға адамдардың қауіпсіздігі қалай сеніп тапсырылғаны кез-келгеннің жағасын ұстататыны анық.

Тұрғындар:

– Нашақор, маскүнем қайда келе жатқанын да білмейді, кісі басады, бұл  мүлдем қауіпті.
-Наркомандар жүргізу түгілі, не істеп жатқандарын түсінбейді. Куәлік беру өте қате нәрсе. Менің қолымда болса мұндайды болдырмас едім.
-Әрине мен ондайды қолдамаймын. Неге олар машина жүргізеді. Тиісті жерлерде ем қабылдаулары керек. Жұртқа ешқандай зиян тигізбеулері тиіс қой.

Қазір прокурорлар қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығынан өз басының пайдасын жоғары қойып, заңсыздыққа жол берген қызметкерлерді анықтау үстінде.

Жеңіс Ермұқанов