МТРА жаңалықтары

Германиядан велосипедпен келді

 

 

 

5999 шақырым. Мұндай үлкен қашықтықты бағындыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Аптап ыстық, жауын-шашын, қолайсыз жол. 64 жастағы Андрей Маркс осы кедергілердің бәріне төтеп беріп, әу баста алдына қойған ммақсатына жетті.

Андрей Маркс, саяхатшы:

-Мұндай қауіпті жолға шығуыма себеп –  ең алдымен спортқа деген махаббат. Өзімнің қайрат-жігерімді, дене күшімді сынайын дедім. Екіншіден, туған жерімді, достарымды көріп қайтқым келді. Жолда айтарлықтай қиындықтар болмады. Тек ауа райы ғана болмаса.

Велошабандоз сағатына 19 шақырым жылдамдықпен күніне 150-170 шақырымды жүріп өтеді. Үйінен мамырдың 10-ында шыққан саяхатшы Киев, Белгород, Воронеж, Оренбург сияқты үлкен қалаларға соққан. Ал велосипедке құмартқан 15 жыл ішінде Андрей Маркс Германия, Франция, Голландия елдерін аралап үлгеріпті.

Қоблан Өмірсейітов, банк қызметкері:
-Бүгін біздің банкімізге ерекше қонақ келді. Спорттық киімде, оның үстіне велосипедпен келгеніне таңқалдық. Айтқан әңгімесінен шынымен де жай мейман емес екеніне көзіміз жетті. Бізге мұндай адамдар жиі келіп тұрады. Мына кісі соның бір дәлелі.

Өзін жақсы қарсы алған ұжымға алғысын білдірген Андрей Маркс енді апасын көріп қайту үшін   Совхозное селосына жол тартты. Ал кері қарай Германияға ол автобуспен кетуді жоспарлап отыр.

Кәусар Аяпбергенқызы