МТРА жаңалықтары

Құтқару қызметінің жаттығулары

 

 

Шұғыл қызмет көрсету жасағы дайындықтарын көрсету үшін сап құрады. Олардан талап етілетіні – құрамның уақытында жиналуы, техниканың дайындығы және қажетті құжаттардың толық болуы. Жасақ қатаң түрде бұйрық бойынша ғана әрекет етеді.
Бұл уақытта командалық штаб іске кірісті. Жоспар бойынша олардың әрбірінің өз міндеті бар. Аудандағы азаматтық қорғаныстың дайындығы жайында аудан әкімі Владимир Бубенко баяндады. 

Владимир Бубенко,  М.Жұмабаев ауданының әкімі:
-Ауданда жарылу қаупі бар 21 объект бар, біреуі химиялық қауіптіге жатады. Олардың тоғызы Булаевтың өзінде орналасқан. 14 мемлекеттік және Төтенше жағдайлар органы, жанар-жағар май қызметі, инженерлік, өрт қауіпсіздігі және энергетика қызметтері құрылды. Орталықтан қосылатын 3 дабыл орнатылды. 13 стационарлық агрегат қою да жоспарда бар.

Оқу-жаттығу жұмыстарының сценариіне сәйкес Булаев қаласы 5 аумаққа бөлінген. Әрбіріне бөлек төтенше жағдай қарастырылған. Егер бастапқы төртеуінде жаттығу теория жүзінде орындалса, ормандағы өртті сөндіру тәжірибе жүзінде іске асады.

Тұрлыбек Танақұлов, СҚО ТЖ бөлімі және мобилизациялық дайындық жөніндегі ТЖ басқармасының бастығы:
-1-тапсырма бойынша жану кезінде кептіру-тазарту мұнарасында өрт пайда болады. 2-тапсырма – көшелерді су басып, халықты эвакуациялау керек. Үшіншісі – электртасымалдау жүйесінің істен шыққан 400 метрін қалпына келтіру. 4 -сі өрт.

Командалық- штаб жаттығулары  барысында аудандық округтердің дайындығы тексерілді.

Сәлімжан Уәйісов, СҚО мобилизациялық дайындық жөніндегі ТЖ басқармасының бөлім бастығы:
-Ауылдық округтардағы азаматтық қорғаныс жоспарына әкімнің қолы қойылып, бекітілген. Алайда оған  округ әкімі қол қойып, аудан әкімі бекітуі тиіс еді. Осындай кемшіліктер бар. Енді олардың бәрі жұмыс барысында қалыпқа келтірілетін болады.

Оқу-жаттығу жиынының бірінші бөлімі аяқталды. Ендігі назар 4-тәжірибелік жұмыстарда. Жоспарға сәйкес орман алқабында өрт шықты. Оны сөндіруге 50 адам мен 14 техник маман жұмылды. Түрлі жағдайға сақадай сай болу үшін құтқарушылар жақсы қаруланған – әрбірінде көбікті өрт сөндіргіш, аэрозольді генератор, өрт шкафтары бар.
Жедел шаралардың арқасында өрт ауыздықталды.   


Қуандық Қасейінов, СҚО ТЖ  басқармасының бастығы:
-Жалпы сапқа тұрудан бастап барлық тапсырма өте жақсы орындалды. 5 негізгі бөлімнің бәрі дұрыс, слайд түріндегі көрнекіліктер де қолданылды. Демек, олар кез-келген жағдайдан шығудың амалын біледі.

Енді мұндай шаралар жиі өткізіліп тұратын болады.

Кәусар Аяпбергенқызы