Әр түрлі

“Таза жағалау” акциясы

 

Есіл жағасы –  қаламыздың көрнекті демалыс орындарының бірі. Негізінен 19 және 20-шы шағын аудандар тұрғындары демалатын бұл жерді бүгін жасылелдіктер және басқа да жастар ұйымдарының өкілдері қоқыстан тазартуда. Бұл игі шара “Таза жағалау” акциясы аясында өтіп жатыр. Осылайша жастар ұйымдарының белсенділері қоғамның назарын өлкеміздің экологиялық жағдайына аудармақ.

Әділбек Күшербаев, “Жас Отан” ЖҚ белсендісі:

-Бұл жерде жастар ұйымының 70-80 мүшесі еңбек етіп жатыр. Жалпы акцияның мақсаты қала тұрғындарын тазалыққа, қоршаған ортаны сақтауға шақыру болып табылады.

Біржан Қойшыбаев – СҚМУ-дың 2 курс студенті. Ол биыл “Жасыл ел” қатарында алғаш рет еңбек етуде. Е
сілдің маңайын қоқыстан арылтамыз деген бастаманы ол бірден қолдағанын айтады.

Біржан Қойшыбаев, “Жасыл ел” студенттік жасағының мүшесі:
Қалалықтар мұнда демалуға келгенде көп қоқыс қалдырады. Сондықтан осы жерде біраз жұмыс істеу керек. Менің тұрғындарға айтарым, өздеріңіз демалғаннан кейін алған қоқыстарды жинап, тазалық сақтаңыздар.

Ал Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенті Фариза Баймағанбетова экология тақырыбындағы слеттерге бірнеше рет қатысқан. Сондықтан ол жастар ұйымдарымен бірге өзен жағасын қоқыстан арылтуға қатысты.


Фариза Баймағанбетова, Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенті:
– Келешекте мен қоршаған ортаны қорғайтын ұйымдарда еңбек еткім келеді. Өйткені біздің еліміз көрікті болып, гүлдене беруін қалаймын.

Айта кету керек, көктемде қалалық әкімдікпен жасалған келісім бойынша жасылелдіктердің осы жерде жұмыс істеуі жоспарланған болатын. Алайда тиісті қаражат бөлінген жоқ.  Ал бүгінгі акция барысында еңбек еткен жастардың күші Есіл жағалауын толық тазарту үшін жеткіліксіз болды.

Жасын Біркенов