Қылмыс

Машинасын жөндетемін деп жоғалтып ала жаздады

 
 

 

 

Кезекшілікке шыққан жол инспекторлары Азамат Келдіғұлов пен Асқар Сердалинов сол күні Партизан көшесінде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген екен. Олар басқа көліктерге кедергі келтірген  автомобиль  жүргізушісін тоқтатып, тексеру барысында оның мас екенін байқайды. Жол инспекторлары жүргізушіні наркологиялық орталыққа жеткізіп, дәрігерлік сараптама бойынша 41 жастағы жігіттің ішімдікпен қатар героин есірткісін қабылдағаны да анықталды. Заң бұзушы Пушкин көшесіндегі техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін көрінеді. Бұған дейін де бірнеше рет заң бұзған жігіт бөтен автокөлікті мініп кетуге ненің себеп болғанын түсіндіре алмады. Машинасын жөндеуге тапсырған көлік иесі темір тұлпарынан айырылып қала жаздағанынан тіпті бейхабар болған екен, автокөлігін аман-есен жеткізіп берген тәртіп сақшыларына риза. Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Айта кету керек, жыл басынан бері мұндай 29 оқиға тіркеліпті. Жол полициясының қызметкерлері қымбат автокөліктерді қолды қылғандардың 97 пайызын қолға түсірген.

 
Гүлден Сәрсенбаева