Бизнес және экономика

Қысқа әзірлік кешігіп басталды

 

 

Биыл пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері қыс маусымына дайындық жұмыстарын бір айға кешеуілдетіп бастады. Бар гәп мынада, енді үй шаруашылығын қалыпқа келтірумен мемлекеттік лицензиясы бар фирмалар ғана айналыса алады. Ал ағымдағы жылы арнайы талапқа 3 фирма ғана лайық деп табылды. Бұдан шығатын қорытынды айтпаса да түсінікті. Сұранысы мол қызмет түрінің бағасы да шарықтай түспек.

Сергей Худяков, ПИК Петропавл аймақтық қауымдастығының төрағасы:
-Біз пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен жүздесіп, биылғы коммуналдық шаруашылық мәселесін талқыға салған болатынбыз. Олардың көбі жұмыс істеуден бас тартты. Ал басқа бөлігін жұмыс шарты қанағаттандырмай отыр.
Әсіресе, оларға мемлекеттік лицензиясы бар фирмалардың қызметі мүлдем ұнамайды.


Өткен жылы құбырларды тазалау жұмыстарын пәтер иелері кооперативтері өздері жүзеге асырған еді. Ол үшін жергілікті билік өкілдерінің келісімін алу жеткілікті болатын. Ал 2010 жылдан бастап бұл істің арнайы лицензиясы бар фирмаларға жүктелуі көптеген қиындық туғызды. Осының салдарынан 500-ге тарта кооперативтің 200-ге жуығының басшылары қызмет орнын босатты.

Александр Цимбал,  «Милана» пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Мен төраға ретінде арнайы емтихан тапсырған болатынмын. Бұл жұмыстарды бес саусағымдай білемін. Менде үй шаруасын атқаруға рұқсат берілген куәлік те бар. Оған барлық үй тұрғындары өз қалтасынан ақша жинаған еді. Біз өзімізге компрессор да сатып алдық. Құбырларды тазалау жұмыстарын өзіміз атқара аламыз.
Тіпті дәнекерлеушілікті оқып келген маманымыз бар.


“Милана” пәтер иелері кооперативінің жұмысшылары Абай көшесі, 120 А үйіне қызмет көрсетеді. Мұнда 253 пәтер бар. Олар жертөледегі жылу жабдықтарын  қалпына келтіріп те қойған. Барлық бұрандалары сақадай сай. Тек құбырларды жуып, тазалау керек. Десек те, жаңа заңның енгізілуі жұмысты тоқтатып қойды. Үй тұрғындары бірлесіп сатып алған компрессордың да қажеті енді шамалы көрінеді. Себебі, оларға өз бетінше тазалау жұмыстарына араласуға болмайды.  


Гүлден  Сәрсенбаева