Көлік және жолдар

«Қауіпсіз қала» шарасы

 

Маусымның 7-сі Партизан және М.Горький көшелерінің қиылысында скутор жүргізушісі жылдамдығына ие бола алмай темір тұлпармен қақтығысқан. Екі аяқты жеңіл көлік иесі бағына қарай басына дулыға кигендіктен аман қалды. Мұндай оқиға жаз басталғалы қаламызда екінші мәрте тіркеліп отыр. Осы орайда жол полициясы қызметкерлерін скуторшылардың заң жүзінде жауапқа тартылмайтыны қынжылтады. Өйткені мұндай көлік түрінің иелеріне жүргізуші куәлігі қарастырылмағандықтан, оларға жаза да қолданылмайды.

Андрей Ткаченко, СҚО ІІД ЖПБ жол полициясы батальоны бөлімшесінің командирі:
-ЖПБ оларды жазалай алмайды. Қолымыздан бар келетіні жедел алдын алу шараларын өткізу. Әзірге әр жүргізушіні тоқтатып, жол ережесін жекелей түсіндіріп жатырмыз.


Скуторды негізінен жеткіншектер мінеді. Жасы 14-ке толса жеткілікті. Алайда жасөспірімдердің бәрі бірдей жол ережесін біле бермейтіні де ақиқат. Мәселен, жүргізушілердің көбі басқа дулыға киюді ұмытып кетеді.

Артем Кручинин:

-Мен қала ішінде жылдамдықты 60-тан асырмаймын. Қазір үйге бара жатырмыз. Ал бас киімді міндетті түрде сатып аламын. Жол жүру ережесін скутерді сатып алғанда жаттап алғанмын.


Айта кету керек, автокөлікке велосипед тебуге әуес жастар да соғылып жатады. Жол ережелері мен белгілерін біле бермейтін жеткіншектер қайғылы оқиғаларға жиі ілінеді. Ал Новокаменка мектебінің оқушысы Данияр Жұмағалиев барлық тәртіпті қатаң сақтайды. 16 жасар бозбала қауіпсіздік ережелерін әр жазғы демалыс алдында мұғаліміміз жақсылап түсіндіреді дейді.

Данияр Жұмағалиев:
-Жол ережесін сақтаймын. Мектепте мұғалімдер жол қауіпсіздігі туралы үйретті.


«Қауіпсіз қала» жедел алдын алу шарасы маусымның 18-не дейін жалғасын табады.

Гүлден Сәрсенбаева