Балалар

Бала құқығын қорғау онкүндігі

 

 

 Бүкіләлемдік балалардың еңбегін қанауға қарсы күрес онкүндігінің аясында жүргізілген тексеру шаралары барысында қала базарларында жұмысқа жегілген 10 бала анықталды.

Владимир Литвиненко, балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:
-Онда олар жеміс-жидек, көкөніс сатып отырады. Кейбіреулері тіпті жүк тасушы, араларында тәжік елінің кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдері де бар. 13 жасар шетелдік бала самса сатып жүр.

Қара жұмыста жүрген жеткіншектердің көбі хат танымайды. Заң бойынша ата-ананың келісімімен 16 жастан бастап, кей жағдайда жеңіл еңбекке 14 жастан рұқсат берілген. Десе де жақындары қол қоймас бұрын келісім-шартқа жақсылап көз жүгірткендері жөн.

Ғалымбек Ғайсин, облыстың мемлекеттік бас еңбек инспекторы:
-Еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек: түнгі жұмысқа, ұзартылған жұмысқа, демалыс күндердегі жұмысқа, іс сапарға жіберуге, материалдық жауапкершілікке тартуға болмайды. Осындай жеңілдіктер қарастырылған.

Өз құқықтарынан бейхабар жеткіншектердің күшін пайдақұмар кәсіпкерлер тиын табудың көзі қылады. Ал балалар бергенге қанағат етіп, көбі еңбекақысының қанша екенінен де бейхабар.

Ғалымбек Ғайсин, облыстың мемлекеттік бас еңбек инспекторы:
-Біз жұмыс берушінің қарамағында қанша адамы бар, қандай жұмыс істеп жатыр, соларды тексерген кезде заңбұзушылықтар шықса, біз онда айып саламыз, тәртіпке келтіреміз, қалпына келуін қадағалаймыз.

Жеңіс Ермұқанов