Қылмыс

Капитан шеніндегі офицер 15,5 жылға бостандығынан айырылды

 

 

 

 

 

Күдікті Денис Игнатов осы жылдың ақпан айында Қазақстан-Ресей шекарасынан 15 шақырым жерде аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды. Қорғаныс министрлігі әуе күштерінде 5 жылдай қызмет еткен капитан улы затты Омбыда саудаламақ болыпты. Алайда оңай жолмен олжа таппақ болған оның әрекетіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкерлері тосқауыл қойды. Тәртіп сақшылары Игнатовты Уәлиханов ауданы Бидайық елді мекенінің маңында торуылдаған. Бұны байқап қалған қылмыскер көлігін тоқтатпай, бірден қашпаққа әрекет еткен. Алайда ол рөлге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кетті. Сот айыпкердің бұрын сотталмағанын және жасын ескере отырып, тиісті үкім шығарды.

Ербол Ахметжанов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың судьясы:
– Денис Игнатов кінәлі деп
танылып, ол 15 жыл және 6 айға  бас бостандығынан айырылсын. Сотталушының мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтесін.

Шекарадан жиі өтіп жүретін 29 жасар капитан
тәртіп сақшыларының күдігін туғызған.  Сөйтіп, олар жедел-іздестіру шараларын өткізді. Ақыры күдік расталып, сотталушының көлігінен 32 келіге жуық марихуана тәркіленді. Тергеу барысында бұрынғы әскеридің есірткіні шекара арқылы бірнеше мәрте тасымалдағаны анықталды.

Дінбаян Мұхамедқалиев, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
Біз 16 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтеуін сұрадық. Алайда сот 15,6 жыл берді. Дегенмен, шешімге біз қанағаттанамыз.

Сотталушы өз айыбын мойындаған жоқ. Оның айтуынша, тергеушілер өз қызметін асыра пайдаланып, қылмысты мойындату үшін артық әрекеттерге барған. Енді Игнатов жоғары инстанцияға шағымданбақшы. Әскери сот тәжірибесінде осыншама көлемдегі есірткімен ұсталу фактісі алғаш рет болып отыр.

Жасын Біркенов