Аян Ерғазин 19 жаста. Құрдастарының көбі әлі жоғары немесе орта арнаулы білім алып жатыр. Ал Аян – қолында дипломы бар маман. Әу бастан қайда барып, жұмыс істейтінін де анықтап қойыпты. Сөйтіп, көп ойланбастан өзінің туған ауылы-Талшық селосына келді.
Аян Ерғазин, Ақжар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық орталығының зертханашысы:
-Мен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық орталыққа зертханашы болып жұмысқа тұрдым. 90 мың теңге көтермеақы алдым. 900 мың теңге несиеге жаңа үй алдым. Еңбекақым-32 мың теңге. Маған бар мүмкіндік жасалды. Енді үйленетін ойым бар.
Ал Диана Қожақова тұрмыста. Дипломмен ауылға келген отбасы өкінген жоқ. Жұбайы мектепте мұғалім. Өзі медбике болып жұмысқа тұрды.
Диана Қожақова, Ақжар аудандық орталық ауруханасының медбикесі:
-Аудандық ауруханамыз жаңа. Мұнда жұмыс істеу жеңіл, әлі қызықты. 0,01 жылдық пайыздық ставкамен үй сатып алдық. Айына 5 мың теңге төлейміз. Бізге өте ыңғайлы.
Ал Әсем Меңдібайқызы баспанасына енді ғана көшіп келіпті. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі мемлекеттің қолдауына дән риза. Енді ол еліне аянбай еңбек етсем дейді.
Әсем Танашбаева, Талшық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
-Қарағандыда аудармашы болып қалуға мүмкіндік болды, бірақ мен өзімнің ауылыма келдім. Мұнда би үйірмесін аштым, балаларды қазақ тіліне үйретемін.
Талшық селосында бүгінде 4 маман баспанаға ие болды. Тағы төртеуі құжаттарын жинау үстінде. Жалпы аудан басшылығы биыл 34 қыз бен жігітке көмек қолын созуға дайын.
Әбдіжапар Қиманов, Ақжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:
-Мұғалім , дәрігерге қоса бізге мал дәрігері, санитар мамандар жетіспейді. Жастарды шақырамыз.
Жалпы аудан бойынша “Дипломмен – ауылға” жобасына 37 миллион теңге қаржы бөлінді.
Тимур Әбдрешев