Білім

«Жол картасы» жүзеге асырылып жатыр

 

Киім пішуді үйреніп жүрген Мәрзия Отарбаева  дипломдық жұмысқа әзірленуде. Бірер аптадан соң шәкірт “Жол картасы” бойынша ұйымдастырылған 10 айлық оқу курсын аяқтайды. Қорытынды жұмыс та сол уақытқа дайын болмақ. Өткен жылы Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі “Мастер-центр» оқу-әдістемелік орталығын Мәрзия сынды 250-ге тарта маман тәмамдады. Тігінші, аспаз, шаштараз мамандардың баршасы “Жол картасы” бойынша тегін білім алды. Оған қосымша  ай сайын 7 мың 500 теңге   әлеуметтік жәрдемақы алады. Биыл “Жол картасы” бағдарламасында мамандарды қайта даярлауға 298 млн теңге бағытталған. Мемлекеттік тапсырыс 22 оқу орнына берілді.

 Жанахмет Тасшығұлов, СҚО еңбек және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары:
-5 айда 192 млн теңге бөлінді. 187 млн теңгесі игерілді, бұл 97 пайызы. 1169 адам білім алып, 693-і жұмысқа орналасты.
 

Ал әлеуметтік жұмыс орындарына 909 тұрғын қабылданды. 5 айдың ішінде жастар тәжірибесіне тағы 42 млн теңге бағытталып, университет тәмамдаған 261 түлек жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға төмендепті. Барлығы биылғы «Жол картасы» бойынша жұмыссыздықпен күресуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 5,4 млрд теңге қаржы бағытталған болатын. Оның 3млрд 300 млн теңгесі   республикалық қазынадан бөлінді.   Айта кетерлігі, байқауларды өткізу кезінде 60,9 млн теңге үнемделген. Бұл қаржы да қайта «Жол картасы» аясында іске жаратылады.

Гүлмира Шохтыбаева