Солтүстік Қазақстан облысында 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың аймақтық бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осы кезеңде ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғарылады, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау нысандары салынды және жаңартылды, мектепке дейінгі балалар мекемелері көбейді.
2009 жылдың басына дейін 711 елді мекеннің 400-і әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейіне сәйкес болды. Бағдарламаны жүзеге асыру басталған 2004 жылмен салыстырғанда мұндай ауылдардың саны 33,7 пайыздан 56,2 пайызға дейін көбейді.
Назгүл Чуланова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
–2004-2009 жылдар ішінде ауылдық аумақтарды дамытуға 57,4 млрд теңге құйылды. Бұл жылдарда 18 білім беру нысаны толықтай қалпына келтіріліп, 11 мектеп, 18 денсаулық сақтау нысаны жаңадан тұрғызылды. 26 шақырымнан астам жергілікті жолдар салынды және жаңартылды.
Бағдарлама аясында облыста 65 сумен жабдықтау нысаны тұрғызылды. Бұл жұмыс көптеген елді мекендерді қамтыды. Бірқатар аудандарда әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешіліп жатыр. Ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі мекемелер саны 31-ден 316-ға өсті, ауылдардың 94 пайызы денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз етілді. Телефон байланысы да жақсарды. Қазір облыста 711 елді мекен болса, олардың 4-і ғана телефон байланысына қосылмаған. Ауыл шаруашылығы департаменті мамандарының айтуларына қарағанда, 2010 жылы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға 16 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Назгүл Чуланова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
-Ағымдағы жылы Пески және Кирилловкада екі орта мектеп қолданысқа беріледі. Пресновка және Новоишим ауылдарында екі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталады.
Мамандар ағымдағы жылы әлеуметтік бағдарламаның қорытындысын шығарады. Жалпы 6 жылдың ішінде болашағы жоқ ауылдар қысқарып, экономикалық деңгейі жоғары елді мекендердің қатары 256- дан 406- ға жетті.
Дана Ғизатова