МТРА жаңалықтары

Ауыл шаруашылығы министрі – Қызылжар өңірінде

 

Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жұмыс сапарын Қызылжар ауданынан бастады. Биыл мұнда 168 мың гектар алқапқа астық егіледі. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған жұмыстың 32 пайызы орындалды. Еске сала кетсек, былтыр осы ауданда орташа астық шығымдылығы гектар басына 21 центнерді құрады. Бұл – өткен жылғы облыс бойынша рекордтық көрсеткіш. Жергілікті диқандар облыс әкімі Серік Біләлов пен ауыл шаруашылығы министріне биылғы науқанда майлы дақылдарды өсіруге баса назар аударып отырғандарын айтты. Қызылжарлықтар осы орайда егіс алқабын 5 мың гектарға ұлғайтты. Ақылбек Күрішбаев ат басын бұрған алғашқы нысан   “Сервис-Жар” серіктестігінің егіс алқабы болды. Биыл мұнда 5700 гектар жерге егін себіледі. Оның ішінде бір мың гектарға майлы дақылдар егілмек. Қожалық жауапты науқанды мамырдың 30 -ына қарай аяқтауды жоспарлап қойған.

Сергей Клименко, “Сервис-Жар” ЖШС директоры:
– Биыл көктемгі егіс жұмыстарын екі күнге ерте, яғни мамырдың 18 -і бастадық. Ал әдетте астықты біз 20 -сына қарай егетінбіз. Қазір күн райы тұрақсыз. Жер тез құрғап жатыр. Сондықтан ылғалды сақтап қалу қажет.

Диқандар ауыл шаруашылығы министріне астық бағасының тұрақсыздығына қынжылыстарын білдірді. Жер емген шаруа үшін оның маңызы зор.

Виктор Редин,  “Вагулинское-СК” ЖШС директоры:
-Астық өсіруді үйрендік. Әр гектардан 25-30 центнерден өнім алуға мүмкіндік беретін техника, тыңайтқыш бар, алайда бағасы 80 $-дан төмен болса, астық өсірудің керегі бар ма?

Өз кезегінде Ақылбек Күрішбаев   астықтың көлеміне ғана емес, сондай-ақ оның сапасына да көңіл бөлу қажет екенін айтты.  
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Қытайдан келген өкілдер  клейковинасы 28% астық керек деп мәлімдеді, Сіздерде ондай астық бар ма?

Виктор Редин,  “Вагулинское-СК” ЖШС директоры:
 -Жоқ, бізде – 15%.


Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Көрдіңіздер ме, мемлекет сіздерден ондай астықты сатып алады, сосын қайда сатады?

Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен облыс әкімі Серік Біләлов ат басын “АБИ-Жер” серіктестігінің егіс алқабына тіреді. Бұл қожалық биыл 7,5 мың гектар жерге майлы дақыл егіп отыр.  Күзде зығырдан 8-14 центнерге дейін өнім аламыз дейді агроқұрылым басшысы.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Қазір біз майлы дақылдарды өсіруіміз керек. Өйткені олардың бағасы бидайға қарағанда 4-5 есе артық.

Аққайың ауданында егін шаруашылығы мәселесі ойдағыдай.
Мұндағы “Иван Зенченко” серіктестігі заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Ал бұл егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Министр агроқұрылым жетекшісі Геннадий Зенченкодан астықты өткізу туралы сұрады. 300 тоннадай жоғары сапалы тұқымды сатып үлгердік, дейді қожалық басшысы. Бірақ көптеген шаруашылықтар биыл астықтарын өткізе алмай тығырыққа тірелген болатын. Биыл жағдайымыз қалай болады, бидайымыз далада қалмай ма, еңбегіміздің жемісін көреміз бе деген сауалдар әр диқанды мазалайтыны рас.

Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Астықтың көп бөлігі қар астында қалды деген сөз болды. Миллиондаған астық бұзылды деген алып-қашпа сөздерді естідік. Бұл жалған ақпарат. Әрі кетсе, 60-70 мың тонна астық баланстан шығарылды.

Агра
рлық салада шешімін таппай отырған мәселелер көп. Өңірде астық сақтау қоймалары жетіспейді.  Ағымдағы жылы республикада жаңа элеваторлар пайда болмақ. Солтүстік Қазақстан облысында 4 астық қабылдау кәсіпорны тұрғызылады. Элеваторлардың қуаты 350 мың тонна астықты сақтауға шақталмақ. Министр элеваторларды жаңа астықты қабылдау науқанына әзірлеу жағына да назар аударды. Ақылбек Күрішбаев сапар барысында Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының жұмысымен де танысты. Ол ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға барлық жағдай жасау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, республикалық ведомство басшысы жергілікті агроқұрылым жетекшілерімен өткізген отырыста кеңестік орталық ашуды тапсырды. Мұндай қызмет – диқандарға егін шаруашылығының бизнес-жоспарын құруға септесетін болады.