МТРА жаңалықтары

Халықаралық сайыстан күміс медальмен оралды

Дарынды балаларға арналған “Лорд” мектеп-лицейінің оқушылары нақты ғылымдарды танып, білуде алдарына жан салмайды. Владимир Должников – сондай шәкірттердің бірі. Өткен жылғы халықаралық Менделеев химия олимпиадасының қола жүлдегері биыл  күміс медальді иемденді. ТМД елдері мен Сербия, Македония сынды мемлекеттерден келген маңдайалды 93 білімпаздың арасында жеңіске жету Владимирге  оңай болмапты. 

 


Владимир Должников, “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:
-Тапсырмалар өте қиын болды. Десек те биыл мен өзімді өткен жолғымен салыстырғанда жақсы көрсете білдім. Осы олимпиадаға ендігі жылы тағы бір мәрте қатысқым келеді.

Лицейдің тағы үш оқушысы –  Вадим Усик, Алтынай Әділова және  Владислав Иващенко өз мүмкіндіктерін юниорлардың ІІ ашық олимпиадасында сынап, облыс намысын абыроймен қорғап келіпті. Физика, химия және биология пәндеріне жетік шәкірттер жалпыкомандалық есепте қола медальға ие болса, эксперименттік сайыста бірінші орынды еншіледі.

Вадим Усик, “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:
-Жарысқа 15 жасқа дейінгі балалар қатысты.
Ал тапсырмалар 10-11 сыныптың бағдарламасынан алынды. Біз І орынды иелендік.  


Алтынай Әділова, “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:

-Біздің қаладан екі команда аттанған болатын. Жарыста көптеген командалармен танысып, жаңа достар тауып келдік.

Оқушылардың алдағы жоспарлары да ауқымды.

 Владислав Иващенко, “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:
-Бұл олимпиада халықаралық жарысқа жолдама болып табылады.
Алдағы мақсатымыз сол сайысқа қатысып қайту.

Жаратылыстану пәндері бойынша үздік эксперименттерімен көзге түсіп жүрген білім ошағында қазіргі уақытта 225  оқушы білім алуда.